Құқық қорғау органдары

Облыс полицейлері өткен жылды қорытындылады



 

 

 2010 жыл облыс полицейлері үшін табысты болған көрінеді. Аса ауыр қылмыстардың ашылуы жақсарған. Есірткі саудасына қатысты 400-ден артық қылмыс әшкереленген. Өткен жылы алдын алу шараларына басымдық беріліпті. Жүйелі жүргізілген жұмыс нәтижесінде бұрын сотталғандардың қылмыс жасауы 10 пайызға, жасөспірімдердің заңды белінен басуы 18,5 пайызға кеміген. Бұл ретте аудандық ішкі істер бөлімдері инспекторларының атқарған жұмысы көңіл көншітерлік.

Аманжол Төлебаев,  Уәлиханов аудандық ІІБ учаскелік инспекторы:
– Уәлиханов аудандық ішкі істер бөліміне 10 автокөлік берілді. Бұл полицейлер жұмысын жеңілдетті. Қылмыстың ашылуы артты.

Дегенмен облыста азаматтардың мас күйінде қылмыс жасауы азаймай отыр. Керісінше өткен жылдармен салыстырғанда артқаны байқалады. Үстіміздегі жылы тәртіп сақшылары бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді көздеп отыр. Жиынға қатысқан облыс әкімі Серік Біләлов өңір полицейлерінің алдында тұрған өзге де маңызды мақсат-міндеттерді айқындады.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
 – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Жолдауында құқық қорғау жүйесін реформалау мәселесіне ерекше назар аударды. Осы орайда Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Өңірімізде қоғамдық тәртіпті сақтауда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қосар үлесі зор. Полиция қызметкерлері қоғам алдындағы борыштарын сәтті атқарады деген сенімдемін.

Полиция құрылымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлкен көңіл бөлінеді деді облыс әкімі. Үстіміздегі жылы ішкі істер департаментіне 100 көлік бөлінбек. Ал әзірге өңір басшысы екі автокөліктің кілтін  Ғабит Мүсірепов және Шалақын ауданының учаскелік инспекторларына табыс етті. Тәртіп сақшыларына тапсырылған компьютерлер де жұмыс сапасын жақсартуға ықпал етпек. Жиында 12 аймақтық полиция пунткінің қызметкерлері ерекше ілтипатқа ие болды. Бұл полиция пункті 2010 жылдың қорытындысы бойынша республика көлемінде үздік атанған.

 Григорий Дроздов,  № 12 аймақтық полиция пунктінің инспекторы:
– Бекеттің материалдық-техникалық жабдықталуы азаматтардың барлық өтініштеріне дер кезінде жылдам ықпал етіп, тиімді жұмыс істеуге көмектеседі. Алдағы уақытта бізге артылған міндетті адал атқарып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге тырысамыз.

Сондай-ақ үздік қызметімен ерекшеленген бірқатар полицейлер облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттарына ие болды. Ішкі істер министрлігінің марапаттары да өз иелерін тапты. Құқық қорғау органдарына реформа жүргізудегі басты мақсат – қоғамның бұл қызметке деген сенімін арттыру. Облыс әкімі алда тұрған міндеттерді орындауда өңір полицейлерінің жұмыла еңбек ететіндеріне сенім білдірді

Айымгүл Әбілева