Билік

Қазіргі дін мәселелері

 
 Қазіргі таңда облыс аумағында 200-ден астам түрлі діни бірлестіктер қызметін жүзеге асырып келеді. Олардың басым бөлігін мұсылман мен христианның православ ағымына сенетіндер құрайды. Ал қалғандары түрлі протестенттық және діни ағым өкілдері. Бүгінде бұл ұйымдармен жұмысты – діндер ісі жөніндегі департамент жүзеге асырады.


Жұлдыз Жүсіпова,  СҚО діндер ісі жөніндегі департаменттің бастығы:
-Қазіргі уақытта өңірде 115 діни құрылым заңды тұлға және оның филиалы ретінде тіркеуге алынған. Шағын құрамдағы 110 қауымдастық бар. Облыс көлемінде барлығы 134 діни мекеме тіркеуде тұр. Соңғы уақытта протестанттық ағымды ұстанушылардың қатары күрт артты. Үгіттеу жұмыстары негізінен селоларда жүргізіледі.
 

Жастардың санасын улап, түрлі діни ағымдарға үгіттеп жүргендердің ерекше белсендігін кеңес мүшелері де айтып отыр.

Сергей Бородин,  облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:
– Олар өзін-өзі тану түрінде өткізетін үйірмелерде ұстанымдарын насихаттайды. Бір қызығы, ондай жиындарға баратын қалалықтардың қатары қалың. Алдымен олардың мақсаттарын білуіміз керек. Олардың құжаттары бар ма? Әйтпесе мұндай жиналыстарда ән айтылады, түрлі әрекеттер жасалады. Бұл қаншалықты заңды?

Бүгінде өңірімізде түрлі діндерді ұстанған 25 миссионер қызу еңбек етуде. Соңғы уақытта олардың қатары біршама сиреген. Оған көші-қон заңнамасына енгізілген өзгерістер де, шетелдік азаматтардың республика аумағында болу мерзімінің аяқталуы да септессе керек. Соған қарамастан  Сергей Бородин  бүгінде  олардың қызметін қадағалап, жиналыста көтерген жалынды ұрандарын сараптап жатқан ешкім жоқтығын алға тартты. Облыс әкімі  шеттен белгілі бір мақсат арқалап келгендердің жұмысын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Жастарды түрлі ағымдарға жетелейтіндер исламды ұстанғандардың арасында да табылып жатыр.

Қасымхан Абдоллаұлы,  «Қызылжар»  орталық мешітінің бас имамы:
– Бізде кадрлар тапшы. Содан вахабистермен күрес тиісті деңгейде жүргізілмей жатыр. Теріс ағымдардың бетін қайтару үшін білімді имамдар керек.

Келеңсіз оқиғаның бірі – Тимирязев ауданында тіркелген. Түрік елінде 2 жыл арнайы білім алып келгенімен, рұқсат құжатынсыз діни шараларды жүргізіп  жүрген азамат жайлы аудан басшылығы да, облыстық мұсылмандар діни басқармасы да, Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер де хабардар. Серік Біләлов  мұндай заңға қайшы әрекеттерге жол берілмеуі керектігін атап өтті. Сонымен қатар өңірдегі діни мекемелерді әділет органдарында тіркеу міндеті тұр.

 

Степан Зайтлер, СҚО әділет департаментінің бастығы:
– Қазіргі таңда, елді мекендерде діни бірлестіктер кәдімгі тұрғын үйлерде жұмыс жүргізуде. Бұл орындарға адамдар көптеп жиналады. Бірақ онда ешқандай өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмайды. Оның үстіне бұл мекемелер тіркеуге алынбаған. Ал олардың жұмысы заңға қайшы болмауы тиіс.

Қазіргі таңда солтүстік өңірде әділет органдарында тіркелмеген 800-ге тарта мекеме бар.

Гүлмира Шоқтыбаева