Су тасқынына әзірлік

ТЖД

16:10 26 Ақпан 2011

Былтырғы көрсеткіштер облысымыздағы өрт оқиғаларының 28% артқандығын көрсетіп отыр.    Тілсіз жаудың құрбаны болғандар мен жапа шекендердің саны да екі есе өсіпті. Осыдан материалдық шығын да 2009 жылмен салыстырғанда 48% көбейген.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  халықты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мәселесіне ерекше назар аударады. Бұл бағытта өңірімізде жүйелі жұмыс атқарылуда. Бүгінгі кеңейтілген комиссия отырысында облыс аумағында өрт қауіпсіздігі және көктемгі тасқын суға дайындық проблемалары қаралатын болады.

Бүгінде өңіріміздегі білім жүйесіндегі мекемелердің тең жартысы, денсаулық сақтау саласындағы нысандардың 45%, мәдениет ошақтарының 40 % ғана өрт қауіпсіздік ережелеріне толықтай жауап береді екен. Ол тексеріс кезінде анықталған. Кемшіліктер жетіп-артылады.

 Бахтияр Қадырханов, СҚО ТЖД бастығы:
 – Өткен жылы облыс бойынша тексерілген 3 мыңнан астам нысанның 35 пайызы ғана өрт қауіпсіздігі талаптарына толықтай жауап берді. Өзгелерінен 11 мыңнан артық ортақ ереже бұзушылық анықталды. Әсіресе халық көп шоғырланатын әлеуметтік нысандарда кемшіліктер бастан асады.

Көбінде автоматтандырылған өртке қарсы орталық дабылқаққыштар қарастырылмаған. Өзге де міндетті талаптар елеусіз қалып отыр. Бірқатар мектептер мен ауруханалар, мәдениет үйлері «Жол картасы» аясында күрделі жөндеуден өтті. Сол нысандарға қомақты қаржы бөлінсе де, аталған мәселе ескерілмеген.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 – Орталық дабылқаққыш құрылғысын орнату үшін не бары 150 мың теңге көлеміндегі қаражат қажет. Құрылыс кезінде тарта қою қиын болды ма? Тіпті қарапайым өрттің алдын алу үшін қорғаныш қалқанының жоқтығы масқара емес пе? Ол үшін бар болғаны құм, күрек, отты өшіретін баллон ғана қажет.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жүргізген тексерістен Ақжар мен Есіл аудандарындағы мекемелер ғана ескертусіз шыққан. Аудандардағы әлеуметтік нысандарда тілсіз жауға қарсы сақтық шаралары 100% орындалыпты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Сіздер отпен ойнап отырсыздар ғой. 13 ауданның 12-де бұл мәселе тым өткір тұр. Мәселен, Айыртау ауданындағы72 білім мекемесінің тек 59-ы, денсаулық саласындағы 75 нысанның 2-і ғана өрт қауіпсіздігіне жауап береді. Қалғандарында да осындай мүшкіл жағдай.

Отырысқа қатысқан ҚР ТЖМ өртке қарсы күрес Комитетінің төрағасы Серік Әубәкіров бұл келеңсіздіктермен күресу үшін өңіріміздегі өрт сақшыларының материалдық- техникалық базасының жаңартылғандығын айтады.

 Серік Әубәкіров,  ҚР ТЖМ өртке қарсы күрес комитетінің төрағасы:
– Өткен жылы республика бойынша күрделі жөндеуден өткен 16 өрт бөлімінің 10-ы Солтүстік Қазақстанда орналасқан. Биыл тілсіз жаудың алдын алуға біз сіздерге 139 млн теңге қарастырдық. Өңір бойынша 20 арнайы көліктің тозып, қазірде 9-ң жетіспейтінін жақсы білеміз. Биыл 7 машина бөлінетін болады. Оның төртеуінде бұрын болмаған насосты станциялары бар. Ол 3,5 шақырымдық қашықтықтан су тасымалдауға мүмкіндік береді.

Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға бағытталған кеңейтілген комиссияның отырысында көктемгі тасқын суға дайындық мәселелері  де көтерілді. Синоптиктердің хабарлауынша,  ауа райының күрт жылуынан және жауын-шашынның мөлшерден көп түсуінен сәуір айының басында кейбір ауылдардың су астында қалу қаупі бар. Мамандар Есіл өзені деңгейінің 47 пайызға жеткендігін айтады. Сондықтан мамандар сақтық шараларын жүргізу қажет деп отыр. Мамандардың айтуларынша, облысымыздың қауіпті жерде тұрған 38 елді мекені су астында қалуы мүмкін. Ойда жатқан 13 ауылдың жолдары жабылып қалады. Ол селолар қажетті азық-түлік, мал азығы, дәрі-дәрмекпен жеткілікті мөлшерде қамтылуы тиіс. Суағарларды   тазарту жұмыстарын бастау керек. Облыс әкімі Серік Біләлов жиында көтерілген барлық мәселелерді салмақтап, бірқатар міндеттерді айқындады. Сондай-ақ қала және аудан әкімдеріне жиында көтерілген сұрақтарға қатысты нақты тапсырмалар берді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Облыс тұрғындарын су тасқынынан қорғауға қатысты барлық инженер-техникалық кешенді шаралар толығымен атқарылуы керек. Әсіресе аса қауіпті теміржол мен автомобиль трассалары, аудандар қатаң бақылауға алынсын. Ол жерлерде кезекшілік құрса да артық болмайды. Осыған қатысты өңіріміздегі табиғи апаттардың алдын алу жұмыстарын бақылауды облыс әкімінің орынбасары Самат Ескендіровке тапсырамын.

Жеңіс Ермұқанов