Билік

Республикалық ақпараттық-насихат тобы Аққайың ауданында болды

 

 

 

 Бір жарым мыңға жуық тұрғыны бар Шағалалы ауылы  – Аққайың ауданындағы ірі елді мекендердің бірі. Тұрғындардың үштен бірі тұрақты жұмыс орындарымен қамтылған. Өткен жылдары көшелерге асфальт төселіп, мектеп жанынан шағын орталық ашылды. Шағалалықтар Елбасының жыл сайынғы жолдауында көтерілетін мәселелер бойынша ауылда біраз шаруа тындырылатынына биыл да сенімді. Болашақта бұл маңның халқы сапалы ауыз сумен қамтылады. Бір кездері республикада «Таза ауыз су» бағдарламасы жүзеге асырылғанда, оған ілікпей қалған елді мекен енді «Ақ бұлақтың” игілігін көрмекші. Республикалық  ақпараттық топтың өкілі елді мекендерге су тарту кезінде осыған дейін жол беріліп келген кемшіліктердің жойылып жатқандығын айтты.

  Жаслан Омаров, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің табиғат ресурстарын пайдалану стартегиялық департаментінің директоры:

-Орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында үйлесімді жұмыс жүргізілмеді. Мәселен, ауылдық әкімдіктер министрлікке су жүйесін салу туралы жоба-сметалық құжаттар тапсырған. Құрылыс осы жобалар бойыншы жүргізілген. Жұмыс аяқталғанда сол ауылдан су шықпаған жағдайлар кездесті. Немесе, осыдан 20 жыл бұрын геологтар болжап қойған жерлерде су қорлары таусылып қалған.

Ал жұмыс биылдан бастап жаңа тәртіппен жүргізілмек. Жоба -сметалық құжаттар орталықтандырылған түрде жасалады. Яғни, есіл қаржының желге ұшуына жол берілмейді. Есесіне, таза ауыз суға қол жеткізген елді -мекендер қатары артады. Аққайың ауданы үшін үстіміздегі жылы атқарылатын жұмыс жоспары жасалған.

  Рүстем Елубаев, Аққайың ауданының әкімі:

-300 миллион теңгеден аса қаржы бөлініп отыр ауданға. 3 ауылды ауыз сумен қамтамасыз етеміз. 32 ауылдың 28-і топтық құбырға қосылған.  

Қомақты қаржы бөлінген үш ауылдың біреуі -Шағалалы. Ауылдағы су жүйесінің тозығы жеткен. Енді 147 миллион теңге бөлініп, ауыз су әр үйдің ауласына дейін тартылмақшы.
Ауданда мал басын көбейту ісі де оң жолға қойылмақ. Үстіміздегі жылы 5 бордақылау алаңы іске қосылады. Осылайша, ет өнімін көбейту мәселесін шешу қолға алынған. Ауыл тұрғындары ақпараттық-насихат тобының мүшесі Жаслан Омаровқа сұрақтарын қойып, Жолдау бойынша атқарылатын нақты жұмыстар туралы білді.

  Нина Кардашова, Шағалалы мектеп-лицейінің мұғалімі:

-Елбасы жолдауында балаларының болашағын ойлаған ата-аналар оқуға банкте қаржы жинап, ипотекалық кредиттеу үлгісіндегідей несие алуы керектігін айтты. Яғни, бала мектепті бітіргенде оның жоғары оқу орнында оқуға ақшасы даяр болуы керек. Бұл дұрыс деп ойлаймын.

Тұрғындар Елбасы Жолдауындағы тапсырмалардың Шағалалыда толыққанды атқаралытындығына сенімді.

Әсем Рахметова