Балалар

Жолдау жүктеген әлеуметтік міндеттер

  

 

 

 

Елбасының жолдауы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында да қызу талқыланды. Маңызды құжатты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жинақтаушы зейнетақы жүйесі және әлеуметтік сақтандыру басқармасының бастығы Гүлзада Сұлтанова түсіндірді. 2011 жылдың 1-ші қаңтарына дейінгі есепке сүйенсек, жан басына шаққандағы жалпы өнім 1994-пен салыстырғанда 12 есеге өскен. 2008 бен 2010 жылдар аралығында “Жол картасы” бағдардамасы аясында ұлан-ғайыр жұмыс тындырылды. Жұмыссыздық 6,3 пайызға төмендеген.

 Гүлзада Сұлтанова,  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жинақтаушы зейнетақы жүйесі және әлеуметтік сақтандыру басқармасының бастығы:
– 2009 -2010 жылдар аралығында “Жол картасы” бағдарламасына 342 млрд теңге бөлінді. Ол қаражаттың 99,6 пайызы игерілді. 8 880 жоба құрылды. Соның арқасында 392 мың адам жұмыспен қамтылды. “Жол картасы” бойынша соң
ғы екі жылда 1500 нысан жөндеуден өтті. Әсіресе  тұрғын үй шаруашылығы қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар білім, денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмады.

Өткен жылғы толағай табыстармен таныс болған әлеумет жиын соңында өз сұрақтарын жолдады. “Петропавл-НОРД” ЖШС директоры Болат Рахимов
министрлік өкіліне қоғамдық көлік жүргізетін адамдардың тапшы екенін алға тартты. Осы жерде нарыққа қажетті кадрларды әзірлеу өзекті болып тұр.
Ал Қызылжар ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Сұлтанғазин оралмандарды қабылдау, орналастыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша,  “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша салынған 140 үй әлі өз иесін таба алмай тұр екен.   

  Нұрлан Сұлтанғазин, Қызылжар ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы:
– Елге келгісі келетін оралмандар көп.
Тек жеке куәлікке қатысты біраз қиындықтар бар. Олар оралман куәлігімен зейнетақы келісіміне тұра алмайды. Осылайша баспанаға ие болу мүмкіндігінен айырылып отыр.

Өкінішке қарай аталған мәселе өз шешімін әлі көпке дейін таппайтын сыңайлы.

Гүлзада Сұлтанова,  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жинақтаушы зейнетақы жүйесі және әлеуметтік сақтандыру басқармасының бастығы:
– Біз ішкі істер министрлігіне оралмандардың куәлігін заңдастыруға ұсыныс түсірген болатынбыз.
Алайда олар бұған жоқ деп жауап берді.

Жолдауға байланысты кездесу қаладағы балалар психоневрология үйінде де жалғасты. Жиында медицина саласының өкілдері алдағы 10 жылға қойылған жоспарды мұқият тыңдады.

Гүлден Сәрсенбаева