Қоғам

Өңірге республикалық ақпараттық-насихат тобы келді

 

 

 

Елбасы Қазақстан халқына кезекті жолдауын жариялағаннан кейін араға бір ай салып, өңірге маңызды құжатты түсіндіруді мақсат еткен ақпараттық-насихат тобы ат басын тіреді. Бұл жолы делегацияны Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаев бастап келген. Министрлік өкілі бірден өңір экономикасының даму көрсеткіштеріне тоқталып, өзінің оң бағасын берді.

Айдар Қазыбаев, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы:
– СҚО-да үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында құны 14 млрд теңгенің 10 жобасы қолға алынды.
Өңірдегі инфляция 7,5 пайыз деңгейінде сақталды. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,3 процентке төмен. Жалпы Солтүстік Қазақстандағы жағдай тұрақты. Бұл, әрине, облыс әкімдігінің нәтижелі жұмысының жемісі.
Жиында республика өңірлерін жайлаған азық-түлік бағасының қымбаттауы да назардан тыс қалмады. Комитет төрағасы көп ұзамай бұл мәселе біржақты болатынына сендіріп отыр. Өйткені енді өңірлерге көкөніс пен жеміс-жидекті жеткізуге әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары тартылмақ. Сонымен қатар алда жұмыспен қамтудың тың стратегиясын әзірлеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау, ел халқын таза ауыз сумен қамту міндеттері тұр. Бұл бағытта үкімет тиісті бағдарламалар әзірлеп жатыр. Қазақстан, Ресей мен Беларуссия арасында жасалған Кеден одағы шеңберінде сауда байланыстарын нығайтуға мол мүмкіндік бар деп атап өтті Сауда комитетінің төрағасы. Ресеймен шекаралас орналасқан солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер үшін тіпті тың кеңістіктер ашылуда. Оның үстіне отандық тауар өндірушілер ұсынған өнімнің бағасы шетелдікіне қарағанда әлдеқайда қолжетімді. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүргізіліп жатқан ауқымды шараларды өңірге келген Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Серік Әубәкіров те тілге тиек етті. Кәсіпкерлік жөніндегі заңның аясында бизнес нысандары тәуекелдік дәрежесіне қарай тексеріліп жүр. Бұндай жаңашылдық жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа да тосқауыл болған.
Президент жолдауындағы тапсырмаларды орындауға дайын екендігін бұл министрлік те жеткізді. Ведомство басшылығының ұсынысымен кемінде 5 мың тұрғыны бар ауылдарда өрт сөндіру деполары салынбақ. Шағын ауылдар да өрт сөндіру қызметінсіз қалмақ емес. Министрліктегілер тіпті бес жылдан соң жол-көлік оқиғасынан жапа шегетіндердің санын азайтуды көздеп отыр.

Серік Әубәкіров, ҚР ТЖ министрлігінің Өрт сөндіру қызметі комитетінің төрағасы:
Алдағы уақытта Алматы мен Көкшетау қалаларын байланыстыратын тас жолдардың бойында 12 медициналық-құтқару пункттері ашылатын болады. Бұл жол-көлік оқиғаларынан жапа шеккендерге дер кезінде кәсіби көмек беруге мүмкіндік туғызады.
 

Статистика мәліметтеріне жүгінсек, жыл сайын республика жолдарында екі жарым мыңнан аса төтенше жағдайлар орын алады. Олардан жапа шеккендердің бір мыңға жуығы оқиға орнында көз жұмады. Министрліктің жоспары бойынша жолдағы өлім-жітім 2015 жылға қарай 16 пайызға төмендейді.
Білім беру саласындағы міндеттерді өз баяндамасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Раиса Полищук атап өтті. Бірінші кезекте педагогтың мәртебесін арттыру керек деген ойда халық қалаулысы. Ол үшін ұстаздар ғана емес, мектеп басшылары да ұдайы біліктіліктерін арттырып отырғаны жөн. Өз кезегінде бұл білім беру сапасына жаңа серпін бермек.   Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында бастау алған ірі шаралардың нәтижесі 2020 жылы байқалмақ. Он жылдан кейін оқушылардың жүз пайызы, барлық Қазақстан халқының 95 пайызы мемлекеттік тілде еркін ой бөлісе алуы тиіс. Әлеуметтің әлеуетін жақсартуға бағытталған жолдауда тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мәселесі жан-жақты қаралды. Сондықтан болар бүгін ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Николай Тихонюк жасаған баяндама да ауқымды. Алдағы істерге алғышарт болған 2 жылдық «Жол картасы» бағдарламасы аясында СҚО-да 92 жоба жүзеге асты. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 3,4 млрд теңге бағытталыпты. Бағдарлама аясында еңбекке тартылған жерлестеріміз  44 шақырым су құбырларын, 8 км жылу желілерін жаңартып, қалпына келтірді. 8 жыл қатарынан жүзеге асырылған «Ауыз су» бағдарламасының нәтижесінде ауылдардың  – 41, ал қала халқының 72 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қол жеткізді. Дағдарыс жылдарында тұрғын үй құрылысы кенжелеп қалмады. Жаңа жолдау жаңа міндеттер жүктеп отыр. Сондықтан үстіміздегі жылдан ел халқын баспанамен қамтамасыз етудің жаңа әдістері іске қосылмақ. Алдымен отандастарымыздың тұрғын үй-құрылыс жинақ банктеріндегі қаражатына әкімшілік арқылы үй тұрғызу жоспарланыпты. Бұл үйлерде депозит иелері қоныстайтын болады. 2012 жылы тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің тұтынушыларына 300 мың шаршы метр баспана салу жоспарда бар. Сонымен қатар аталған іске екінші деңгейлі банктер де тартылмақ. Алдағы жылдары инженерлік коммуникацияларды тарту жалғасын таппақ. Өткен жылғы жұмыстар бүгінде нәтижелілігін көрсетіп үлгерді. Ақпараттық-насихат тобы мүшелерінің алдында тұрған басты міндет – республиканың 2020 жылға дейінгі дамуын бағдарлайтын құжатты еліміздің әр тұрғынына жеткізу. Сондықтан бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылын қорытындылаған Елбасының кезекті жолдауын ақпараттық-насихат топтары өңірдің әр аудандарындағы еңбек ұжымдарымен талқылайтын болады.

Гүлмира Шоқтыбаева