Спорт

Автожарыстан ел чемпионаты

 

Астана, Семей, Павлодар, Қостанай, Көкшетау мен Петропавл қалаларының үздік автошабандоздарын жиған көліктер бәйгесінің алғашқы кезеңінде 10 сайыскер шеңберлік айналым бойынша тартысқа түсті. Әрбірі 5,5 шақырымдық жарыс жолының сөресіне 5 мәрте шықты. Бұл сында қарсыластарын шаң қаптырған Астана құрамасының өкілі, 2006 жылғы ел біріншілігінің чемпионы Тимур Оразақовқа тең келер қарсылас табылмапты.

Тимур Оразақов,  бірінші кезеңнің жеңімпазы, Астана қаласы:
– Менің үш жыл ішіндегі алғашқы додам осылайша сәтті басталды.
Жарыс иелері үлкен бәсекелес болғанын айту керек. Басты фаворит – жергілікті команданың капитаны Владимир Жуковеньнің көлігі сыр беріп жарыстан шығып қалды. Сөйтіп, сәл уақыт айырмасымен топ бастадым. Енді бір айта кететін жәйт бұндай сапалы трасса Қазақстанның еш жерінде жоқ.   

Екінші сатыға петропавлдық Леонид Антоненко көтерілсе,  алғашқы кезеңнің үздік үштігіне тағы бір жерлесіміз Дмитрий Шарапаев енді.

  Дмитрий Шарапаев, бірінші кезеңнің жүлдегері, Петропавл қаласы:
Қай жарысқа шықпасақ та жеңуге бел буамыз. Спорттық автокөліктің рөліне отырғаныма үш жыл болды. Қарсыластарым кілең спорт шеберлері. Солай бола тұра, көптеген тәжірибелі автошабандозды артта тастап, жүлдеге іліктім.

Ипподромда өтіп жатқан тректік жарыс қазақтың аламан бәйгесі сынды, нәтиже сәйгүлікті қаншалықты баптап үкілеуіңе байланысты. Мұнда да темір тұлпарың озсын десең жақсылап сайлаған жөн.

  Дмитрий Шарапаев, бірінші кезеңнің жүлдегері, Петропавл қаласы:
Бұл жарысқа тек ВАЗ 2108 маркілі жеңіл көлік жіберіледі. Бастысы спортшының қауіпсіздігі. Сондықтан ортақ талап қорғаныш арматураларының бекітілуі, қорғаныш бас киімі мен 5 деңгейлі қауіпсіздік белбеуінің болуы.  

Жарыстың келесі күнінде сайыскерлер 2 шақырымды жылдам жүріп өтуге тырысты. Бұл сында жарыс жолына тек 1 сайыскерден шығып отырды. Жеңімпаздар үздік уақыт бойынша анықталуда.

  Владимир Ячкуринский, бас төреші:
Жоғары жылдамдықты сүйетіндер үшін бар қызық үшінші кезеңде басталады. Сайыскерлер жаппай тартысқа түседі. Қазақстандықтармен қатар Ресейдің үздік автошабандоздары бақтары мен баптарын сынайды. Ақпанның 27-сі күнгі қорытынды додада жекелей және жалпыкомандалық есепте жеңімпаздар анықталады.  

Әзірге жалпыкомандалық есепте жергілікті автошабандоздар алда келеді.

 Жеңіс Ермұқанов