ТЖ

Өртте үш адам қаза болды

 

 

 

 

 

Түн ортасында Александр Ляпин шытырлаған дыбыстан ояныпты. Сыртқа шықса, көршісінің үйі қызыл жалынға оранып, лапылдап жанып жатыр екен.

 Александр Ляпин:

– Бірден өрт сөндірушілерге хабарладық. Айналадағылардың бәрі шығып, өз күшімізбен отты өшіруге әрекеттендік. Әйнектерді сындырып, су сеуіп, қар лақтырдық. Әрекетіміз нәтиже бермеді өршіген өрт күшейіп, көрші үйлерге беттеді.  

Үйлердің арасындағы  қашықтық бір метрге де жетпейді. Орамдағы қора-қопсы бір-біріне жалғастыра салынған. Су тасымалдайтын гидранттар да қарастырылмапты.

 Мирас Әменов, Петропавл қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бас инженері:
– Хабар түсісімен оқиға орнына екі арнайы көлікпен екі топ құтқарушы жіберілді.
Түндегі дауыл да үлкен кедергі болды. Жер үйлер тығыз орналасқан. Тілсіз жаумен күрескерлер көрші нысандарға оттың көшуіне жол бермеді. Тек таңғы сағат бесте өртті толығымен ауыздықтай алдық.  

6 сағат бойы үстемдік құрған қызыл жалын баспананы жермен-жексен етті. Іште түтінге тұншығып, тілсіз жаудың құрбаны болған үш адамның денесі табылды. Болшам бойынша от тұтқынында қалғандардың бірі  – 60 жастағы баспана иесі Виктор Чернеев. Қалған екі адамның кім екені анықталып жатыр.

 Оксана Кобзенко:
– Мен Виктор Чернеевтің қарындасымын. Ағам бұл үйде жалғыз тұрды. Күнде жолдастары келіп, отырыс құрып, ішімдік ішеді. Мен әрдайым келіп коммуналдық қызмет төлемдерін өтеп, азық-түлік әкелетінмін.
Қанша ақыл айтқаныммен тыңдамады. Міне арты былай қайғылы аяқталып отыр.

Өрт сақшыларының айтуынша, от үй иесінің араққа салынуының кесірінен тұтанған.

 Мирас Әменов, Петропавл қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бас инженері:
– Үй иесі отын, көмір болмағандықтан қолдан жасалған электр құралдарымен жылынып отырған. Төтенше жағдай өрт қауіпсіздігі  ережелері сақталмағандықтан туындады. Ішімдікке тойып алған қонақтарымен бірге ұйықтап қалып, электр жылытқышты өшірмеген болар.
Есесіне түтінге тұншығып қалғандарын да сезбей қалды. Әйтпегенде сыртқа шығып үлгерер еді. Барлық өрттің 80–90 пайызы мастықтың кесірінен туындайды. Қазір негізгі себептер анықталуда.

Жалпы жыл басынан облыс орталығында 7 млн. теңгенің шығынын әкелген 42 өрт оқиғасы тіркеліпті. 10 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Келеңсіз жәйттардың барлығы дерлік жеке секторда орын алды.

Жеңіс Ермұқанов