Қылмыс

Ерлі-зайыптыларды ақша үшін өлтірген деген күдікпен ер адам ұсталды

 

 

 

Қылмыскер ерлі-зайыптылардың үйіне жылқы сатып аламын деген сылтаумен келген. Алайда сезіктіні отбасының дәулеті қызықтырса керек. Күдікті оңай олжа табу мақсатында осы шаңыраққа қарақшылық шабуыл жасауды ұйғарады. Ақыры арам пиғылын жүзеге асыру үшін ол көптен бері көз тігіп жүрген үйге барып, отағасымен танысады. 58 жастағы үй иесі  қонақты ішке кіріп, әңгімелесуге шақырады. Осы кезде қаныпезер оған балғамен ұмтылып, басына бірнеше соққы жасайды. Үй иесі алған ауыр жарақаттарынан бірден көз жұмған. Қылмыскер оның зайыбын да өлтіріп, темір сейфтегі барлық ақшаны олжалаған.  Қылмысты ашуға учаскелік полицияның қырағылығы үлкен көмек болды. Сол күні инспектор жәбірленушілер үйінің алдында тұрған таксиді байқаған. Тәртіп сақшысы сақтық үшін жүргізушіден не себепті келгенін сұраған. Автокөлік иесі үйге шақырумен келгенін айтыпты. Абырой болғанда, полиция қызметкері такси жүргізушісінің аты-жөнін, көлік маркасын және номерін жазып алған. Бұл ақпарат кейін күдіктінің ізіне түсуге үлкен көмек болды. Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары қылмыскерді Шал ақын ауданының Белоградовка селосынан тапты. 36 жастағы ер адам ерлі-зайыптыларды өлтіргенін бірден мойындады.
Тергеу амалдарын жүргізу барысында полицейлер оқиға орнынан алыс емес жерден қылмыс қаруы – балғаны тәркіледі. Сезікті қылмыс жасағаннан кейін оны қарға лақтырып жіберген. Күдікті қылмысқа алдын ала дайындалғанын айтты.

  Қанат Қасенов, СҚО ІІД-нің аға инспекторы:
Тергеу амалдары барысында ақшаның бір бөлігі, яғни, 300 мың теңге қылмыскерден табылды. 280 мыңы оның танысынан тәркіленді.

Сезікті уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Әзірге бұл факті бойынша ҚР ҚК 96- бабының 2- тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Гүлден Сәрсенбаева