Бизнес және экономика

Бағаны тұрақтандыру – басты назарда



Экономикалық даму және сауда министрлігінің сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаев бүгінде елімізде азық- түлік бағасына қатысты жағдай тұрақты дейді. Үкімет қолға алған шаралар нәтижесін берген.

  Айдар Қазыбаев, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі сауда комитетінің төрағасы:
-Қазіргі уақытта бидайдың, күріштің құны түсіп жатыр. Қияр 1000 теңге болған, қазір – 500-600 теңге. картоп бағасы түсуде – 250 -ге дейін көтерілген. Қазір мысалы, Петропавлда – 110-120 теңгеге түскен.

Бұл бағытта қолға алынған тағы бір шара – жақында сауда қызметі жөніндегі заң күшіне енді. Оның аясында әлеуметтік маңызды азық-түліктің бөлшек саудадағы құнының шегі бекітілмек. Экономикалық даму және сауда министрлігі шекті бағаны бекітудің бұл тетігін әзірлеуде шет мемлекеттердің тәжірибесін негізге алған. Оны қабылдамас бұрын министрліктегілер өңірлерге шығып, жергілікті әкімдік пен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының өкілдерімен талқылауды жөн көрген. Мақсат – аталмыш механизмнің жетілдіретін тұстарын анықтау. Бұл ретте арнайы талдау жұмыстары да жүргізіліпті. Бекітілген деңгейде жеміс-көкөніс бағасын ұстау жөніндегі үкіметтің тапсырмасын орындай алмаған өңірлер анықталған. Бұл – Ақмола, Қостанай, Алматы және Жамбыл облыстары.  Маңызды жәйт, мемлекет нарықты жеміс-көкөніспен қамтамасыз ету ісіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тартпақ. Өткен жылдың соңында осындай шешім қабылданды. Сөйтіп, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жеміс-көкөніс жеткізуде оператор қызметін атқармақ.  Қаржыландыру жергілікті бюджет арқылы жүзеге асады. Дегенмен, корпорацияларды қолдау үшін республикалық қазынадан да қаражат бағытталуы ықтимал. Жиында бұл тәжірибені қолға алған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өкілдері өздері тап болған проблемаларды сөз етті. Негізінен азықтың сапасы, оны жеткізу мен сақтауға қатысты түйіткілдер. Жиында айтылған ескертпелер мен ұсыныстардың барлығы пысықталып, назарға алынбақ.

Айымгүл Әбілева