Құқық қорғау органдары

Прокуратура қызметкерлері сотқа жүгінді

 

 

 

Қала прокурорының аға көмекшісі Марина Әлиасқарова мен көмекшісі Қанат Назаров сотқа қаңтардың алтысында шағым түсірген. Олар облыс прокурорының жұмыстан шығару жөніндегі бұйрығын заңға қайшы деп тапқан. Сондықтан бұйрықтың тұжырымдамасын «жұмыстан өз еркімен кетті» деп өзгертуді, жұмыстан шеттетілген күндер үшін еңбекақы төлеуді және 200 мың теңге көлемінде моральдық шығын талап еткен.  

Ал бұл келеңсіз жәйт өткен жылдың соңында орын алған. Қазанның сегізі күні қала прокуроры жұмыс орнында сыра ішіп отырған қызметкерлерінің үстінен шығады. Бұдан кейін тағы бір оқиға анықталған. Прокурордың аға көмекшісі өткен жылдың тамыз айында жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Прокуратура қызметкерлері төтенше жағдай жөнінде басшылықты құлағдар етуге міндетті. Бірақ ол жол-көлік оқиғасы туралы ешкімге хабарламаған. Нәтижесінде жұмыс орнында ішімдік ішкені және жарғыны бұзғаны үшін қала прокурорының аға көмекшісі мен көмекшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бірақ желтоқсан айында облыс прокурорының жаңа бұйрығы шығыпты. Оған сәйкес сол айдың жиырма бірінен қызметкерлер жұмыстан шығарылды. Бұл істі қарау кезінде сот шағымданушылардың ішімдікті жұмыс уақытынан кейін ішкенін анықтаған. Ал прокурордың аға көмекшісі төтенше жағдай жөнінде басшылықты құлағдар ету қажеттігі жөнінде бейхабар болған. Бұл тәртіппен ол кейін танысқан көрінеді.
Қысқасы, шағымданушылар бір айып үшін екі рет жазаланғандарымен келіспей отыр.

Гүлзия Едіресова, Петропавл қаасының №2 сотының судьясы:
-Прокурордың тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрығының күшін жоймай-ақ, оған өзгертулер енгізуге құқығы болды. Және бұйрық келеңсіз әрекет орын алған күннен бастап бір ай ішінде шығарылуы қажет болатын.

Барлық жәйттарды таразылай келе, сот шағымданушылардың арызын ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.

Гүлзия Едіресова, Петропавл қаасының №2 сотының судьясы:
-Сот Марина Әлиасқарованың талабын ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының бұйрығы заңсыз деп танылып, оның тұжырымдамасы «жұмыстан өз еркімен кетті» деп өзгертілсін. Мемлекеттік мекеме оған жұмыссыз жүрген күндері үшін 140 481 теңге көлемінде еңбекақы және 7 мың теңге моральдық залал төлейді. Назаров Қанаттың да шағымы жартылай қанағаттандырылды. Бұйрық мазмұны өзгертіліп, 121 520 теңге еңбекақы және 4 мың 688 теңге мемлекеттік баж төленеді.

Сот шешімін жауапкер жуық арада орындауы тиіс.

Айымгүл Әбілева