Өнеркәсіп

Петропавлда көліктерге арналған газ баллондары зауыты салынады

 

 

 

Бензин мен дизель отыннан газға көшу соңғы жылдары қолға алынған бастама. Біршама арзан, экологиялық зардаптары төменірек. Көліктер үшін газ баллондары зауытын Солтүстік Қазақстан облысында армениялық “Голдхейн инвестмент” пен “Ай-джи-ви-ай” компаниясы іске қоспақшы. Алғашқысы бұдан басқа облыста тыңайтқыш, мұнай өңдеу кәсіпорнын, бордақылау кешенін салып жатыр. Ал Саргис және  Артак Габреляндар Арменияда автомобиль баллондары зауытын басқарып, өнімдерін Казказ бен Иранға, Пәкістан мен Қазақстан, Қырғызстанға экспорттауда.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Елбасы қаңтардың 28-індегі Қазақстан халқына жолдауында экономиканың шикізаттық емес саласындағы отандық және шетелдік инвестиция көлемін арттыру керектігін айтты. Бұл жоба Президент тапсырмасын орындаудағы қадамдардың бірі болады. Сондай -ақ жұмыс орындары ашылып, салық базасы артпақ.

Инвесторлар кәсіпорынның жылдық айналымы шамамен 120 миллион АҚШ доллары болады деп есептеп отыр. 400-ден аса жұмыс орындары ашылады.

Давид Варагян, “Goldhein investment” компаниясының президенті:

-Жобаға 30 миллион доллар инвестиция құйылады. Айына орташа тауар айналымы 10-20 миллион долларды құрамақ. Кәсіпорын толыққанды іске қосылғанда айына 12 мың дана баллон шығарылатын болады. Бұл уақытта жұмысшы санын 400-ге жеткіземіз.

Бірнеше күннің ішінде қондырғылар орнатылатын ғимарат тауып, құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланған. Құрылысты “Лифкоссевер” серіктестігі жүргізеді. Ал армениялық өкілдер өз кәсіпорындарының Қазақстан үшін тиімді әрі табысты жоба болатындығына сенімді.

  Саркис Габриелян, “IGVI” компаниясының басқарма төрағасы:

-Орталық Азияда бұндай зауыт жоқ. Яғни тауарды тек Қазақстан бойынша ғана емес, өзге елдерге де сатуға болады. Табиғи газдың өзге жанармайға қарағанда тиімділігі де дәлелденген.

Яғни, келесі жартыжылдықта солтүстікқазақстандықтар көліктеріне отандық газ баллондарын орната алды. Ал зауытты Солтүстік Қазақстан облысына салудың бірден-бір себебі шикізат орталығының жақындығы.

  Давид Варагян,  “Goldhein investment” компаниясының президенті:

-Ресейден Арменияға шикізаттың тоннасы үшін 300 АҚШ долларын береміз. Ал Қазақстанға жеткізу – 30 доллар. Сондықтан  көлік шығыны аз осы өңірді таңдадық. Ал бұл зауыттың баллондары кез-келген көлікке келеді.

Облыс әкімі жергілікті атқарушы биліктің жаңа жобаның жүзеге асуына қолайлы жағдай жасайтынын айтты.

Әсем Рахметова