Мәдениет

«Бутырка» – Петропавлда

 

Владимир Ждамиров, Олег Симонов, Андрей Журавлёв, Александр Голащапов және Юрий Акимов – “Бутырка” тобының солистері. Бұл ансамбль үлкен сахнаға алғаш рет 2001 жылы Воронеж қаласында шыққан. Содан бері тыңдармандарын өз шығармашылық табыстарымен қуантып жүр. Олардың әндерін көпшілік қауым жатқа біледі. Әсіресе, “Шарик”, “Икона”, “Аттестат” халық арасында кеңінен танымал.  Әншілер Петропавлға гастрольдік сапармен келген. Концерт Н. Погодин атындағы орыс драма театрында өтті. Орыс шансонында есімдері аңызға айналған өнер иелерінің концертін тамашалауға 700-ге жуық солтүстікқазақстандық жиналды. Жергілікті өнер сүйер қауымның күткен үміті толығымен ақталды.
 Музыканттардың орындауындағы «Кольщик» әні Михаил Круг, Виктор Цой, Катя Огонек, Игорь Тальков сынды талант иелеріне арналды.
Тыңдармандар «Бутырканың» әр әнін үлкен ықыласпен тыңдап, әншілерге қосылып, билеп отырды.

Көрермендер:

Мен олардың келгеніне қуаныштымын. Жиі келіп тұрса деймін.
Әнді орындау шеберліктері ұнайды. Репертуарларында жаңа да, ескі де әндер бар.

Концерттен кейін әншілер қолтаңбаларын таратты. Кейін «Бутырка» тобының солисі Владимир Ждамиров Петропавлдағы көрермендер туралы әсерімен бөлісті.

  Владимир Ждамиров, “Бутырка” тобының солисі:  

Менің айтарға сөзім жоқ. Петропавлдықтардың бізді асыға күткендері айқын сезіліп тұр. Қазақстанға келмегелі көп болды. Десек те, бұл аймақтың азаматтары біздің өнерімізді жоғары бағалайтындарын білеміз.  Міне, осы жолы да тобымызды жылы қарсы алды.

Петропавлдан соң әншілер Омбыға бет алмақ. Алайда олар жарты жылдан соң Петропавлға тағы бір ат басын бұрамыз деп уәде берді.

Гүлден Сәрсенбаева