Спорт

Азиада алауының эстафетасын ұйымдастырушылар марапатталды

 

 

 

 

 7-ші қысқы Азия ойындары әлемді өзіне қаратқан спорттық шара ғана емес, қоғамдық-саяси құбылысқа айналды. Қазақстан қысқы Азия ойындарының шежіресінде тұңғыш рет алау эстафетасын өткізу құрметіне бөленді. Сондықтан осы сәттер еліміздің тарихында ғана емес, ақ Азияданың жылнамасына алтын әріптермен жазылғаны хақ. Барша қазақ елін біріктіріп, тік тұрғызған достық шырағы өзгеге үлгі боларлықтай отанымыздағы ынтымақтастықтың бейнесі бола білді.

Сәрсен Құранбек, 7-ші қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасы дирекциясы төрағасының орынбасары:
-7-ші қысқы Азия ойындарының идеясын әрбір қазақстандықтың көкірегінде ұялатып, жүрегіне жеткізу еді. Осы арқылы әр облыс орталығын бір күнге Азия ойындарын қабылдап алатын қала іспеттес   көрсету болатын. Нәтижесінде барлығы жоғары деңгейде өтті. Бағасын халық , Елбасы берді.  

Азиада алауын түрлі сала қызметкерлерімен қатар жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар сайыпқыран спортшылардың алып жүруі арқылы бұқараны салауатты өмір салтына тарту, әсіресе ауыл спортын жандандыру да көзделіпті. Достық шырағының сақшылары тасымалдаған құты Алматы маңында табылған б.з.д. 3-1 ғасырдағы сақтардың жарықтандырғыш құралы негізінде жасалған .  Елімізді шарлаған 20 күндік саяхатында 15 мың шақырым қашықтықты жүріп өткен отты шеру Солтүстік Қазақстан өңіріне де табан тіреген болатын. Облсымыздың 60 алаугері қаланың басты көшелерімен эстафетаны жалғауға атсалысты. Қыстың қытымыр аязына қарамастан отты шеруді тамашалап қолдау үшін 50 мыңға тарта солтүстікқазақстандық шығыпты.

Сәрсен Құранбек, 7-ші қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасы дирекциясы төрағасының орынбасары:
 – Әуежайдан күтіп алу, сонымен қатар қаланың безендірілуі 7-ші қысқы Азия ойындарының стилистикасында. Бірінші кезеңнің басталуы, техникалық үзіліс кезіндегі мәдени іс-шаралар,   эстафетаның аяқталуы, облыстық драма театрында ұйымдастырылған алау салтанаты  –  барлығы жоғары деңгейде өтті.

Бұл жолы алау эстафетасы дирекциясы төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбек маңызды оқиғаның қажетті деңгейде өтуіне белсенді атсалысқан бірқатар солтүстікқазақстандық азаматтарды марапаттау үшін арнайы келіпті. Оның ішінде қала әкімі Нұржан Әшімбетов, СҚО спорт басқармасының бастығы Надежда Потюткина, құқық қорғау органдары, жол сақшылары, білім, денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары бар.  Эстафетаның сапалы әрі әсерлі өтуі үшін бүкіл қашықтық бойы алаугерлерге ән-жырмен демеу бере білген мәдениет басқармасының  жұмысы да ерекше бағаға ие болды.

 Дидар Малаев,  СҚО мәдениет басқармасының бастығы:
– Бұл шараның жоғары деңгейде өтуі біздің елімізге деген, жерге деген солтүстікқазақстандықтардың патриоттық сезімдерінің жоғарылығы. Сол күндері өте суық болды. Дегенмен солтүстікқазақстандықтар  көшеге шығып, алаугерлерді қарсы алып, шығарып салуы  – бұл елдің құрметі.

Азия Олимпиадалық кеңесі Президентінің, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мен Алау эстафетасы дирекциясы басшыларының алғыс хаттары мәдени шара жайлы халыққа хабарлап жеткізе білген журналистерге де табыс етілді. 11 спорт түрінде жүлдеге қойылған 70 алқа елімізде қалды,  оның 32-сі алтын. Нәтижесінде ұлттық құрама қолдау көрсеткен   халқының үмітін ақтап, бас жүлдені сыйлады. Одан артық баға жоқ.

Жеңіс Ермұқанов