ТКШ

Жылыту науқаны қалыпты өтуде

 

 

 

Үстіміздегі жылы халықтан 639 шағым түскен. Бұл былтырғыдан тоқсанға кем. Бұған желтоқсанның он бесі 2002 жылдан резервте тұрған қондырғының іске қосылуы ықпалын тигізсе керек.

  Андрей Калиничев,  “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:
-Кәсіпорынның техникалық кеңесінде №2 желілік насос станциясын іске қосу туралы шешім қабылданды. Бұл насос станциясы бірінші және екінші магистральдің жылу беру құбырында орналасқан. Брусиловский көшесіндегі тоғызыншы магистральдағы қалпына келтіру шаралары толық аяқталмағандықтан, осы насос станциясын іске қостық. Өйткені негізінен шағымдар қаланың орталық аудандарының тұрғындарынан түседі.

Бүгінде облыс орталығындағы желілердің тозығы жеткен. Осыған байланысты құбырлар жиі істен шығады. Бұл ретте мемлекет басшысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға үлкен көңіл бөліп отырғаны қуантады дейді кәсіпорын директоры.

 Андрей Калиничев,  “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:
-Биылғы халыққа арнаған Жолдауында Президент Үкіметке тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға арналған жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Қазір жұмыс тобы құрылып, өңірлерде бұл бағытта тиісті жұмыстар жүріп жатыр.  

Кәсіпорын қызметкерлері коммуналдық сектордағы бірқатар мәселелер тұрғын үйлер мен инженерлік коммуникацияларды жоспарлауда кеткен қателіктерден туындайтынын алға тартады. Соның салдарынан жылу далаға кетеді. “Ақбота” балабақшасының пайдалануға берілгеніне бір жылдан ғана асты. Осыдан екі ай бұрын мектепке дейінгі білім беру мекемесінде температура +14-16 градус шамасында болған. Балабақша директорының шаруашылық бойынша орынбасары  Наталья Дедер ғимаратты тұрғызған мердігерлердің кесірінен осылай қиналып жүрген жайымыз бар дейді. Құрылысшылар балабақшаны көптеген кемшіліктермен тапсырған. Қазір балабақшадағы температура 20-25 градус жылы. Олқылықтарды екі жылға дейін жоюға міндетті құрылыс компаниясы жақында терезелерді жөндепті. Енді қабырғалардағы жарықшақты бітеу қажет. Әйтпегенде, жылу далаға кетіп жатыр. Бұны арнайы құрылғы – тепловизордың экранынан анық көруге болады.

Андрей Дудко , “Петропавл жылу желілері” ЖШС жылу және энергия қондырғысын диагностикалау жөніндегі топтың жетекшісі:
– Тепловизор құрылыс кезінде жол берілген жасырын ақауларды көруге мүмкіндік береді. Құрылғының экранынан қай жерде жылудың сыртқа кетіп жатқаны анық байқалады. Екі ай бұрын осы балабақшада болып, құрылғының көмегімен кемшіліктерді анықтаған болатынбыз. Бұл олқылықтар жойылыпты.  

Шухов көшесіндегі жатақханада да осындай жағдай. Дәлізде жылу жоқ, есік-терезелер бітелмеген. Жылу берушілер осы күні үй иелерінің жауапсыздығы негізгі қиындық болып отырғандығын алға тартады.

Айымгүл Әбілева