Билік

Пресновкада жаңа емдеу мекемесі ашылды

 

 

Қазір Жамбыл ауданында туберкулездің ашық формасымен сырқаттанған 54 науқас тіркеліпті. Жыл қорытындысы ауданда өкпе ауруына шалдыққандардың 15 пайызға, ал қатерлі дерттен көз жұмғандардың 1,5 есеге азайғандығын көрсеткен. Ауырып ем іздегеннен гөрі ауырмаудың жолын тапқан жөн. Ауданда дертті ерте анықтауға ден қойылған. Бүгінде тұрғындардың 80 пайызы тексерістен өтіп үлгеріпті. Енді міне аудан орталығы Пресновка селосында “100 мектеп 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасының аясында жаңа туберкулезге қарсы диспансер ашылғалы отыр.

 Тұрғындар:
– Жаңадан тубдиспансер ашылып жатыр. Бұл халықтың игілігі деп ойлаймын. Бұл біздің аудан бойынша ғана емес, бүкіл облыс бойынша болатын шаруа. Біздің ауданға өте қажет деп ойлаймын.
– Ашылып жатқан ауруханаға біз өте қуаныштымыз. Қазіргі уақытта осындай аурухана бізге керек. Туберкулез өте қауіпті .Бұл аурумен күресу керек. Осы диспансер көмектеседі деп ойлаймын.

Емдеу мекемесінің құрылысы 2008 жылдың қазанында басталған. Көптен күткен халықтың арманы орындалып, аурухана есігін айқара ашты. Қуанышты сәтпен жамбылдықтарды облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  Қазақстан халқына жолдауында медицина саласына, әсіресе ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге ерекше назар аударды. ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында осы объектінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мекеме тұрғындардың денсаулығын жақсартуға өзінің зор үлесін қосады деген сенімдемін.

Өңір басшысы ауданаралық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің ұжымына жедел жәрдем көлігінің кілтін тарту етті.

Гүлнәр Қожанова,  ауданаралық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері, Жамбыл ауданы, Пресновка селосы:
– Салынып біткен ауданаралық туберкулезге қарсы диспансер үш ауданның ауруларын қабылдайды. Жамбыл, Мамлют, Есіл ауданы. Барлық санитарлық талаптарға жауап береді. Соңғы үлгідегі медициналық құрал-жаблықтармен жабдықталған. Бұның барлығы осында жатқан науқастардың алатын емдерінің өте жоғары сапалы болуына көмектеседі.  

 Облыс әкімі Серік Біләлов пен құрылыстың мердігері “Лира” ЖШС директоры Андрей Радченко салтанатты түрде таспаны қиып, жаңадан салынған нысанды аралады. 8 690 шаршы метр жерді алып жатқан емдеу мекемесінің құрылысына республикалық қазынадан 1,5 млрд. теңге жұмсалды. Бөлінген қаражаттың 130 млн. теңгесіне озық үлгідегі заманауи құрылғылар алыныпты. Мәселен, 2010 жылғы рентген аппараты тексерілушінің өкпе суретін бірден шығарып, аурудың ошағын жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Науқастарға толық медициналық қызмет көрсетіледі. Зертхана, физиотерапия, тіс дәрігері, жүрек ақауларын анықтайтын аппараттардың бәрі бар.  Екінші қабатта 100 орынға шақталған палаталар орналасқан. Оның 40-ы  өкпе ауруының ашық формасымен сырқаттанған нашар халдегі науқастарға сайланыпты. Аурухананың жанынан күніне 90 адамды қабылдай алатын емхана да ашылған. Қажетті медициналық құралдармен жабдықталған арнайы бригаданың диспансерге жетуге мұршасы жоқ жандарды мекенжайларына барып емдеу мүмкіндігі де қарастырылған екен. Жаңа нысан ашылып, 100 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы штатта 169 қызметкер еңбек етеді. Оның 15-і жоғары санатты дәрігерлер. Ақ халаттылардың көбі арнайы шақырумен келген екен.

  Александра Омутова, ауданаралық туберкулезге қарсы диспансердің бас медбибісі, Жамбыл ауданы, Пресновка селосы:
– Мен облыстық туберкулез диспансерінен осы жерге шақырумен келдім. Сапалы ем көрсетуімізге бар жағдайлар жасалыпты. Әріптестерім де білікті мамандар. Мынадай жаңа нысан мен жаңа құрылғылар жұмысымызды өрге домалатады. Баспана мәселесі де шешілейін деп жатыр.  

Диспансердің жабдықталуына, ұжымның жұмысына оң бағасын берген облыс әкімі Серік Біләлов аудан орталығындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде де болды. Өңір жетекшісі оқушыларға шаңғы тарту етті.  Жалпы мұнда 420 оқушы 8 бірдей спорт түрінің қыр-сырын меңгеруде. 1980 жылдан бері білікті бапкерлер 130-ға тарта түрлі спорт дәрежелеріне жеткен жасөспірімдерді тәрбиелепті.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев спортқа үлкен мән береді. Әсіресе қазақстандықтарды бұқаралық спортқа баулу керектігін баса айтты. Спорт – ол денсаулық. Денсаулығы мықты халқы бар елдің өзі мықты. Біз де өз кезегімізде салауатты өмір салтына жаппай тартудың жағдайларын жасап, материалдық базаны нығайтуға тырысамыз.  

Өңір жетекшісі Жамбыл ауданының жас былғары қолғап шеберлері мен палуандарына бокс пен күрес жабдықтарын,  тәрбиеленушілерге білек күшін дамытатын жаттығу құрылғыларын тарту етті.

Жеңіс Ермұқанов