Құқық қорғау органдары

Қулығы құрық бойламайтын алаяқтар бар

 

 

 

 

2010 жылы алаяқтық фактісі бойынша қозғалған 84 қылмыстық істің 72-сі сотқа жөнелтілген. Келтірілген 600 млн теңге шығынның тек бес млн-ы ғана қайтарылыпты. Өткен жылы алдау немесе сенімге кіру арқылы өзгенің мүлкін иелену фактілері банк саласында көп анықталған. Және көп ретте банктің өз қызметкерлері алаяқтыққа барған.

  Рақымжан Ересов, СҚО бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары:
-Екінші деңгейлі банктердің бірінің несиелеу бөлімінің бастығы Ходеевке қатысты іс сотқа жөнелтілді. Ол өзі қызмет ететін банкте жалған құжаттар бойынша жеке кәсіпкерге 14,8 млн. теңгенің несиесін рәсімдеген. Ал кәсіпкер өзге банкте кепілдікте болған ойын- сауық кешенінің ғимаратын кепіл зат ретінде ұсынған.  

Қаржы полицейлері соңғы уақытта ұйымдасқан алаяқтық қылмыстардың кең тарағанын айтады. Өткен жылы осындай бір қылмыстық топ 645 млн. теңгені қалталарына басқан. Компания жетекшісі өз қызметкерлерінің атына екінші деңгейлі банкте несие ресімдеген. Жоспар бойынша жұмыс істеген алаяқтардың құрығына отыздан астам адам іліккен.
  
  Рақымжан Ересов, СҚО бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары:
-Үстіміздегі жылдың қаңтар айында “Апиакт” ПК, “Импек Трейд Маркет” ЖШС директоры Михеенко, екінші деңгейлі банк филиалдарының бірінде қауіпсіздік қызметін басқарған Бондаренко,  тағы басқа тұлғаларға қатысты қылмыстық іс өндірісі аяқталды. Михеенко мен Бондаренко сот шешімімен тұтқындалды. Жалпы бұл іске іздеуде жүргендерді есепке алмағанда 13 күдікті тартылуда.  

Бюджеттік қаржыны ұрлаған алаяқ тиісті жазасын алыпты. Мемлекетке келтірілген шығын 6,5 млн. теңгеден асып жығылады. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың маманы шартты түрде үш жылға сотталды.

Жанболат Елеукин, СҚО бойынша экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тергеу басқармасының бастығы:
-Ол 11 әйелге жүктілік жөніндегі жәрдемақы ресімдеген. Бұл азаматшалар негізінен еш жерде жұмыс істемейді. Алаяқ жалған анықтамалар жасаған. Яғни, еңбекақы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жәрдемақы мөлшері де көп. Олардың атына банктік карточкалар жасап, ақшаны өз қалтасына түсірген .  

Қазақстан – Ресей университетінің ректоры Молдабаевқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалыпты. Оған бұл жолы ЖШС бірінің директорымен заңсыз келісім жасалды деген кінә тағылып отыр. Айыпталушы жоғары оқу орнының төрт ғимаратын кепілге салып, 46 млн. теңге пайда тапқан. Ал шын мәнісінде оның иелігінде бір ғана ғимарат бар екен.

Айымгүл Әбілева