Бизнес және экономика

Облысқа омбылық кәсіпкерлер делегациясы келді

 



 

Солтүстік Қазақстан және Омбы облыстары кәсіпкерлерінің кездесулері 1997 жылдан бері өткізіліп келеді. Екі жақты келіссөздердің нәтижелері мол. Солтүстік Қазақстан  өңірі мен Ресейдің шекаралас үш облысы арасындағы тауар айналымының 50 пайызы омбылықтардың үлесіне келеді екен. Бұл жолы кездесуге шекаралас өңірден 15 кәсіпорынның өкілі келді. Мақсат, әрине, өзіңдікін көрсету, өзгенің мүмкіндіктерін байқау. Әдетте мұндай кездесулердің біразы келісімшартпен аяқталып жатады.

  Арман Өтегенов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:                  -“Блок изолит” Омбы қаласына изоляциялық заттар апарады. Ірімшік апарылады. Біз құрылыс материалдарын аламыз. Нақты нәтиже болады деп сенеміз.

Омбылық және солтүстікқазақстандық бизнестің қарым-қатынасына Кеден одағы ерекше әсер етіп отыр. Екі жақты қарым-қатынас бұдан бұлай нығая түспек.

  Сергей Синдеев, Омбы қалалық экономикалық саясат департаментінің директоры:                                             – Солтүстік Қазақстан облысына негізінен омбылықтар өнеркәсіп  тауарларын жөнелтеді. Сіздерден азық-түлік алатынбыз. Бұл жолы қызмет көрсету компаниялары келіп отыр. Мәселен, біздің риэлторлық компанияларды облыстағы жылжымайтын мүлік саласы қызықтырады.  

  Нелли Кукушкина, СҚО сауда- өнеркәсіп палатасының төрайымы:

-Екі жақтың да кәсіпкерлері Кеден одағының жұмысын көріп отыр. Кедендік декларация жоқ. Бұған дейінгі кездесулерде кәсіпкерлер кеденге қатысты біраз мәселердің екі жақты қарым-қатынасқа қолбайлау болатынын алға тартатын. Бүгінде біраз мәселе шешілді.

Шетелдік кәсіпкерлердің солтүстікқазақстандық әріптестеріне ұсынарлары мол. Бұл жолы ресейліктердің өнімдері мен қызметтеріне мемлекеттік органдардың да қызығушылығы басым. “Сибирский лифт” бірлестігінің жеделсатылары алдағы уақытта петропавлдық көпқабатты үйлерге орнатылуы мүмкін. Бүгінде облыс орталығындағы 200 -ден аса жеделсатыны жөндеп, ауыстыру қажет.

  Хасип Синюкаев,  СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:

-Елбасы жолдауында тұрғын үй-коммуналдық саласын модернизациялауды тапсырды. Бүгінде облыста жеделсатылар мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. “Сибирьский лифт” компаниясының өкілдерімен таныстық. Бұл компания нарықта үш жылдан бері жұмыс істеп жатыр екен. Бірқатар ұсыныстар қаралмақ.

Ал өрт сөндірушілерге арнайы киім тігетін “Техноавиа Омск” кәсіпорнының да солтүстікқазақстандық апаттан құтқару қызметіне ұсынары мол. Кездесу барысында арнайы киімдердің сапасын бағалауға да мүмкіндік берілді.

  Ерлан Құлақпаев,  өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің бөлім бастығы:

-Біздің талаптарға бұл товарлар келеді екен. Болашақта тапсырыс жасай аламыз.  

Делегация құрамында машина және қондырғы жасау, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібінің, энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларының өкілдері бар. Барлығы солтүстікқазақстандықтармен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі.

  Игорь Сазонов, “Василевский Сергей Леонидович” ЖК бөлім бастығы:

– Темір- бетон бұйымдарын экспорттау мәселесі қызықтырып отыр. Қиыршық тас сату мүмкіндігі де бар. Тіпті сіздер арқылы өзге облыстарға шығуға болады деп ойлаймын.

Әрине, солтүстікқазақстандықтардың да ресейлік әріптестеріне ұсыныстары бар. Олар туралы әңгіме мамыр айында Омбы қаласында жалғасады.

Әсем Рахметова