Әр түрлі

Ақпанның 17-сі – Халықаралық қайырымдылық жасау күні

 

 

 

 

Қайырымдылық күні басқа халықаралық мерекелерден өзгеше. Оны ешкім жаппай дүбірлетіп тойламайды, ән арнап, би билемейді. Есесіне адамдар бір-біріне мейірім мен жылулық сыйлайды. Бұл тамаша күнді қан орталығынан бастаған Әсия Нұрахметова тұрақты донорлар қатарын толтыруға ниеттілердің бірі.

  Әсия Нұрахметова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Мен достарыммен бірге қан тапсыруға келдім. Бір күн ғана қайырымды болу бізге тән қасиет емес. Марк Твен айтқандай, қайырымдылық саңырау естіп, соқыр көретіндей болуы тиіс.  

 Бұл орталықта донорлар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Қанның жарамдылығын, тобы мен резус-факторын анықтайтын кабинетке қан берушілер аты-жөні мен фотосуретін көрсететін монитор арқылы шақырылады. Рүстем Жұмғалиев  өз ниетімен 4-ші  рет қан тапсыруға келген екен. Оның ойынша, қайырымдылық жасау үшін нақты күнді тосудың қажеті жоқ.

 Рүстем Жұмғалиев, донор:
– Аптаның қай күні болса да мұнда келген әр адамның мақсаты бір – ол біреуге қайырымдылық жасау, көмектесу. Бұған дейін ағама қан қажет болғанда,   жұмыстан келіп қан тапсырдым. Мүмкіндігім болса, осылайша жиі келіп тұруға тырысамын.  

 Бүгін қан орталығына  20 студент пен бірнеше ерікті   келді. Ал аталмыш орталық банкіндегі қан қаланың барлық ауруханалары мен аудандарға  дейін жеткізіледі. Сондықтан донорлар мұнда әрқашан жеткіліксіз.

 Карина Корихова, терапевт-дәрігер:
-Көп жағдайда бізден нақты бір топтағы қан сұрап жатады. Оны жіберген сайын біз банкті толықтырып отыруымыз қажет. Сондықтан шамалары келгенше адамдар көбірек келіп, науқастардың өмірін аман сақтап қалуға көмектессе дейміз.

Қан тапсырған әр донорға 378 теңге ақша төленеді. Алайда олардың мейірімді жүректері мен ажалдан арашаланған адам өмірі еш валютамен өлшенбек емес.

Кәусар Аяпбергенқызы