МТРА жаңалықтары

Биыл қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 1 млрд. 300 млн. теңге бағытталмақ

    

 
 

 

 

Елбасы халыққа арнаған Жолдауында алдағы маңызды мақсат-міндеттерді айқындады. Бұл құжатты әрбір қазақстандық бағыт-бағдар ете отырып, жұмыс жасауы қажет. Бүгінде Петропавлда іс-қимыл жоспары әзірленді. Онда үш басым бағыт белгіленген – бұл таза ауыз су, жұмыспен қамту және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы. Соңғы бағытта қазірде түйіткілді мәселе көп. Облыс орталығындағы тұрғын үй қоры жаңғыртуды қажет етеді. Бұл ретте Елбасы Үкіметке тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған бағдарлама әзірлеуді тапсырды.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Былтыр бізде жұмыс басталды. Яғни, тұрғындар қанша қаржы жинаса, бюджеттен сонша қаражат бөлінеді. Бұл жөнінде биыл Елбасы да Жолдауда айтты. Қосыла қаржыландыру дейміз. Тұрғындар ынта танытса, мемлекет тарапынан қолдау болады.

Бүгінде желілердің де тозығы жеткен. Өткен жылы 100 шақырым құбыр ауыстырылыпты. Бұл жұмыс жалғасын таппақ. Желілерді жаңартуға үстіміздегі жылы 600 млн теңге қарастырылған. Сараптама жұмыстарынан кейін аталған бағытқа қосымша қаржы бөлінбек. Жалпы үстіміздегі жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына құйылатын қаржы 1 млрд. 300 млн. теңгені құрайды. Қаражат тек қана жаңа жобаларға бағытталады. Таза ауыз су мәселесі де өзекті. Сумен қамтамасыз ету жүйелері ескірген. Өткен жылы облыс орталығында  бірқатар аудандарда жаңа желілер тартыла бастады. Бұл жұмыстарды биыл аяқтау көзделіп отыр.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
– ОМТС шағын ауданында былтыр су құбырын тарту жұмыстары басталған болатын. Бұл жұмыс аяқталмай қалды. Биыл енді құбыр төсеуді аяқтаймыз.

Биыл жұмыспен қамту мәселесіне үлкен мән берілмек. Өткен жылы облыс орталығында жұмыссыздық деңгейі 6,7 пайызды құраған. Ендігі міндет – бұл көрсеткішті төмендету дейді қала әкімі. Мемлекет басшысының тапсырмасы осындай. Елімізде халықты жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы әзірленеді. Облыста мамандарды оқыту және қайта даярлау бағытында ауқымды істер атқарылмақ.
 

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Азаматтарды оқытып, қайта даярлауға үлкен мән беріледі. Бұл бағытқа бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Бүгінде нарықта сұранысқа ие мамандықтарды оқытамыз.  

Сондай-ақ балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту бағытында да үлкен жұмыстар жоспарланған. Әзірге 800 қосымша орын ашу көзделіп отыр.

Айымгүл Әбілева