Көлік және жолдар

Жол полициясы мен көлік инспекциясының рейді

 

Тексеріс  басталысымен-ақ жол полициясы мен көлік инспекциясының қызметкерлері тұрған жерге автокөліктер үйіліп қалды. Барлығынан да заңбұзушылықтар анықталуда. Такси жүргізушілері келісімшарт жасасу керектігінен бейхабар болып шықты.  Виктор Федонюк такси жүргізушісіне қойылатын талаптардың барлығын орындапты. Алайда  таксометр болмағандықтан, әкімшілікпен келісімшартқа тұру мүмкіндігінен айырылған екен. Құрылғыны сатып алу әрекеттері нәтиже бермегендіктен, осындай заң бұзушылыққа баруға мәжбүр болғандығын айтып, ағынан жарылды.

  Виктор Федонюк,  такси жүргізушісі:
– Бізге қойылған талаптарды орындадық. Мына құны 4 мың болатын жапсырманы алдық. Автобус паркімен келісімге тұрдық, медициналық тексерістен өтеміз.
Келісімшарттар әкімдікте  жатыр. Бірақ  бізде таксометр болмағандықтан қолымызға бермей отыр. Қалалық әкімдік  осы мәселелерді шешуге жәрдемдессе нұр үстіне нұр болар еді.

Бүгінгі таңда қалалық әкімдікпен келісімшартқа тұрған көлік иелері ғана азаматтарды тасымалдау құқығына ие. Әкімдіктің есебіне сүйенсек облыс орталығында 2 мыңға жуық темір тұлпар иесі азаматтарды тасымалдаумен нан тауып отыр. Солардың 110-ға жуығының жүргізушісі ғана құзырлы органдармен келісімге тұрып, заңға сәйкес қызмет етуде.

  Дулат Шарапиденов, Петропавл қалалық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
Бүгінгі күні қалалық әкімдік және такси жүргізушілерімен келісімшарт жасау жұмысы басталды. Такси жүргізушілерінен бірақ та ондай өтініштер жоқ. Біз қазір тексеріс жүргізіп жатырмыз жол полициясымен, көлік инспекциясымен бірге. Бұл тексерістер күндегідей өткізіледі.   

Жалпы рейд барысында заңды бұзған 5 адамға әкімшілік іс қозғалды. Ал айыппұлдың жалпы сомасы 37 мың теңгені құрады.

Айдана Демесінова