Мәдениет

Ұстаздар тәжірибе алмасып жатыр



“ЮНЕСКО” клубы көркемсурет лицейінің оқытушылары шәкірттеріне  қуыршақты қарапайым шүберек пен жіптен жасауды үйретеді. Бүгінгі сабақта ойыншық құрастырудың осындай әдісін облыстың түкпір-түкпірінен келген мұғалімдер меңгеріп жатыр.

 Елена Сафинова, “ЮНЕСКО” клубы көркемсурет  лицейінің оқытушысы:
-Бұл көне техникалардың бірі. Мұны таңдаған себебіміз бұрынғы дәстүрімізді жаңғырту. Қуыршақты жасағанда наным-сенімдерге де көп көңіл бөлеміз.
Егер ойыншық иесі сәтімен тұрмысқа шықсын десек, қуыршақтың басын құстың ұясымен толтырамыз. Тағы басқа да сенімдер бар.Ұзын жіпті пайдаланса, ол өмірдің ұзақтығын білдіреді.

Оқушыларын ағаштан бұйым жасауға баулитын Мұрат Тоқсанбаевқа қуыршақ дайындау ісі таныс емес. Алайда 1 сағат ішінде әдемі ойыншықты жасап  шыққан ол осында көрген-білгенін  өз мектебіндегі қыздарға үйретпекші.

  Мұрат Тоқсанбаев,  Дәуіт орта мектебінің мұғалімі, Ақжар ауданы:
-Матаның қалдықтарынан қуыршақ жасаудың технологиясын үйретті жаңа. Ал біздің мектепте мұндай технология көп қолданылмайды, өйткені сағаттар аз және көбіне ер мұғалімдер болғандықтан ағашпен жұмыс жасалады. Болашақта қолданамын. Матаның қалдықтарынан жасай беруге болады. Балаларға қызықты болады деп ойлаймын.

Арайлым Сейтхалиеваның қуыршағы да көзге түскендердің қатарында. Жас маман шеберлік сабақтарында болған аз уақытта көп дүниені жасауды үйреніп, бірталай нәрсені түйіпті.

 Арайлым Сейтхалиева, №3 Кішкенекөл мектеп-гимназиясының мұғалімі, Ш.Уәлиханов ауданы:
– Маған бүгінгі сабақтар өте ұнады. Қызықты болды. Осындай міне қуыршақтар жасадық. Менің ойымша, бұл өте қызықты. Балаларға ертең барғаннан кейін үйретемін, кішкене жаңадан бір техника түрі ғой. Балалар үшін де матадан бұйым жасау пайдалы деп ойлаймын.

 Айдана Демесінова