Қоғам

Облыстың Құрметті азаматы Елбасы Жолдауы ауыл шаруашылығына жаңа серпін береді деп есептейді

 

Көп жылғы маңдай терінің лайықты бағасы – облыстың құрметті азаматы атағын бірер апта бұрын ғана алған Жақсылық Ысқақов өзінің еңбек жолын осыдан жарты ғасыр бұрын бастаған. Алматыдағы ауылшаруашылығы институтын бітіре сала колхоз жұмысына ден қойып кірісіп кеткен. Ол кезде мал шаруашылығы дүрілдеп тұрған болатын. Жас мамандар да осы салада еңбет етуді қалап тұратын дейді. Ал қазіргі ауылдардың ахуалы төмендеп, халықты асыраған совхоздардың жойылғанын Жақсылық Ғабдоллаұлы өкінішпен еске алады. Бірақ Елбасының кезекті Жолдауынан қария өкінішіне жұбаныш тауыпты.

  Жақсылық Ысқақов,  СҚО Құрметті азаматы:
-Жолдауда соны айтып отыр ғой, үлкен корпорация жасау керек деп. Үлкен шаруашылық жасамаса, біз еттің, малдың өсімін көбейте алмаймыз. Елден ұят, қазір Шадринскийдің сүтін ішеміз, Омбының беконын жейміз. Ал бұрын біздің өніміміз Кубаға, Вьетнамға дейін баратын.

Облыста аграрлық сектор жыл санап дамып келеді. Биыл Елбасы жолдауында мал шаруашылығын дамытып, асыл тұқымды төлді көбейту мақсатын қойды. Қазір осы бағытта нақты қадамдар жасалуда. Жақсылық аға жолдау жүктеген міндеттің жемісті орындалатынына сенеді.

  Жақсылық Ысқақов,  СҚО Құрметті азаматы:
 – Бір бастық қолға алған мәселені, жоспарын өзі орындау керек. Сенің жоспарыңды басқа біреу қолға алса, бәрін былықтырады. Сондықтан ол 2030-ды өзі аяғына дейін жеткізуі керек.  

Жақсылық Ғабдоллаұлы 1991 жылдан бері зейнет демалысында. Сондықтан жас Қазақстанның алғашқысынан бастап бүгінге дейінгі әр қадамы қарияның назарында. Ал өмір бойы өзіне ту етіп келген даналығы қазір қарияның немерелеріне айтатын өсиетіне айналды.

  Жақсылық Ысқақов,  СҚО Құрметті азаматы:
 – Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей!  

Кәусар Аяпбергенқызы