Құқық қорғау органдары

Мас жүргізушіні полицейлер бір сағат бойы ұстай алмады

 

 

 

Көлік иесі ізін қаншалықты жасыруға әрекеттенгенімен – нәтиже шықпады. Полицейлер оны бір сағат бойы қуды. Жол сақшылары заң бұзушыны үш жақтан қоршап, тығырыққа тіреген. Амалы құрыған жүргізуші  көлік есіктерін ішінен жауып алып, пышақпен қолының қан тамырларын кеспек болады. Абұйыр болғанда полиция қызметкерлері оны уақытында көліктен алып шықты. Тексеріс барысында ер адамның мас екені анықталып, ол облыстық наркология орталығына жеткізілді.
Ұсталған жүргізуші медициналық тексеруден өтуге қарсылық білдіріп, бас тартты.  Дәрігер ер адамның орта деңгейде мас болғанын айтты.  Әзірге жүргізушінің көлігі арнайы айыппұл тұрағында тұр. Ал ер адамға қатысты хаттама толтырылды. Енді оның мұндай оғаш іс-әрекеті сотта қаралмақ. Әкімшілік заңнама бойынша бұл азамат көлік құралына мас күйінде отырғаны үшін екі жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы тиісті. Жалпы жыл басынан бері жолда жүру ережесін бұзудың  6 194 фактісі анықталып отыр. Оның 104-ті көлікті мас күйінде жүргізгендер. 520-сы жылдамдықты асырғандардың үлесінде. Жол қиылыстарын өту ережесін бұзғандар –  570.  Белгіленбеген жерде жолды қиып өтетін жаяу жүргіншілер мен қауіпсіздік белбеуін тақпайтындар да аз емес.

Гүлден Сәрсенбаева