Ауыл шаруашылығы

Ірі қара құжаттандырылуда

 
Құрманғали Исмағұловтың отбасы осыдан екі жыл бұрын Ресейден Қызылжар ауданына қарасты Прибрежное селолық округына көшіп келіпті. Ауылды мекен еткеннен кейін бірлі жарым болса да мал ұстаған дұрыс дейді отағасы Құрманғали.

 Құрманғали Исмағұлов:

-Малдарға паспорт алдық, сойсақ, сатсақ ол құжат қажет. Болашақта малдың басын көбейтемін. Ішіп-жемге де қажет.

Қазір оның қорасында ұсақ малдарға қоса екі сиыры бар екен. Олар республикада малдарды бірдейлендіру жұмыстарының жүріп жатқанын естіп, қол қусырып қалмапты. Сиырларына паспорт алып, құлақтарына сырға тақтырды.
 

Асылбек Жақсыбаев:
-Барлық малдарға міне мынандай сырға тағамыз.
Сырға малдың екі құлағына да тағылады. Сырғада штрих код пен номер бар. Осы арқылы малдардың ағымын бақылаймыз. Бұл кодтар компьютерге енгізілген.

Сырғада штрих-кодпен қатар, Т деген әріп көрсетілген. Ол малдың Солтүстік Қазақстан облысынан екенін дәлелдейді. Сондай-ақ ірі қараның алған емдері, жасы, қандай дертпен ауырғаны компьютерге енгізіледі. Бұл бірегей жүйе республикада малдың ағымын бақылап отыруға жол салады. Сойылған, өлген мал есептен шығарылып тұрады. Қазіргі кезде Қызылжар ауданының 20 селолық округінде 37 мың 885 ірі қара бар. Қаңтардан бері 17 пайызы құжаттандырылып, құлақтарына  сырға тағылды. Қызылжар ауданының бас ветеринар дәрігері Ермек Құлжабаев еліміз әлемдік сауда ұйымына енгелі отырғанда іштегі малдарды реттеп, есебін жасау маңызды дейді. Ол үшін мемлекет барлық жағдайды жасаған. Қызылжар ауданының бір өзіне арнайы бағдарлама енгізілген 21 компьютер берілді. 2 млн теңгеден артық қаражат бөлінген. 40 мыңнан аса сырға жеткізіліпті.

 Ермек Құлжабаев,  Қызылжар ауданының бас мал дәрігері:
-Жоспарды орындаймыз. Қазір ол бағытта жұмыс бітіріп жатырмыз. 4 селолық округ алда келеді. Оларда малдың 30 пайызы құжаттарын алды.

Малдарды бірдейлендіру жұмысы облыста ірі қарадан басталды. Болашақта идентификациялаудан қолда бар барлық мал, үй жануарлары өтуі тиіс. Мал өсіретін ірі кешендерде құжатттандыру жұмыстары қызған. Ел үшін маңызды науқанның алғашқы кезеңі наурыздың соңында аяқталуы тиіс. Малдарға қатысты барлық мәліметтер біртұтас электрондық ақ­параттық жүйеде жинақталады.  

Дана Ғизатова