Әр түрлі

Экологтар алаңдаулы

 

 

 

 

Қатты қалдықтар полигоны 1996 жылы іске қосылған. Оның жұмыс істеу мерзімі он бес жыл. Ал биыл белгіленген мерзім аяқталмақ. Осыған орай экологтар дабыл қағуда. “Коммунхоз” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қарауындағы полигон бүгінгі күні қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Алайда жергілікті бюджеттен бұл бағытқа қаржы бөлінбей келеді.

  Ғалихан Әбділдин, Есіл экологиялық департаменті бастығының СҚО бойынша орынбасары:
-Полигонда табиғат қорғау талаптары орындалмайды. Бұл жерде қалдықтар тек қана түсіріліп, оларды тығыздау жұмыстары ғана жүргізіледі. Беткі қабат төселмейді, сондықтан жазғы уақытта бұл жерде қалдықтардың өз-өзінен жанып кетуі орын алады. Полигонның бүгінгі жағдайы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Оны қалпына келтіру шаралары 2008-2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарламаға енгізілген болатын. Бірақ қаржы бөлінген жоқ.  

Бұл мәселе 2011-2012 жылдарға арналған бюджетте те ұмыт қалған. Жаңа полигон салу үшін жоба-сметалық құжат әзірлеуді қаржыландыру да қарастырылмапты. Кеңеске қалалық әкімдік өкілдері де шақырылған екен. Бірақ олар уақыт таба алмағанға ұқсайды.  Барлық сұрақтарға “Коммунхоз” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директорына жауап беруге тура келді. Оның айтуына қарағанда қатты қалдықтар полигоны әлі де көп жылдар қызмет етеді. Қазірде ол алпыс пайызға ғана толған.

  Андрей Немилостивый, “Коммунхоз” МКК директоры:
-Кезінде полигон он бес жыл ғана қызмет етеді деп жоспарланған. Бірақ есеп дұрыс жүргізілмеген. Жоспарға енгізілген көлем – 1 млн. 400 тонна болса, бүгінде 60 пайызға ғана толтырылған. Қазірде полигонда 632 тонна қалдық жатыр. Біз толық сеніммен полигон әлі де көп жылдар қызмет етеді деп айта аламыз.

Осылайша коммунхоздықтар жаңа полигон салудың қажеті жоқ деп отыр. Қазіргі полигонның аумағын кеңейту жеткілікті болмақ.  Тағы бір мәселе – бұл жерде қалдықтарды есептеу шартты түрде жүргізіледі екен. Полигонда әкелінген қоқысты өлшейтін таразы жоқ. Ал экологиялық Кодекс қалдықтар қабылдайтын орында өлшеу құрылғыларын орнатуды міндеттейді. Коммунхоз директоры бұл олқылықты шілденің бірінен дейін жоюға уәде берді.

Айымгүл Әбілева