Әр түрлі

Ауған соғысының құрбандарын еске алу

 

 

 

 

Сол жылдары 1,5 мың солтүстікқазақстандық бозбала ауған жеріне аттанған. Олардың 50-уі елге оралмады. Биыл Ауғанстаннан кеңес әскерінің шығарылғанына 22 жыл болды . Бірақ соғыс салған жара жазылған жоқ. Ауған соғысының құрбандарына арналған ескерткіш басына жиналған ардагерлер бірін- бірі құттықтап, қауышып жатты. Бұлардың барлығы жігіттіктің аулына енді аяқ басқанда соғысқа аттанғандар.  Мағынасыз майданға тарихшылар әр түрлі баға беруде. Бұл соғыстың ардагерлерін интернационалист- жауынгерлер деп атадық. Бірақ 18-де оттың ортасына түскен бозбалаға бұл соғыс аяқталмайтындай көрінген.

  Ерболат Тәжин, ауған соғысының ардагері:

-Көбі келген жоқ, инвалид болды. Барлығымыз интернационалдық парызды орындадық.

Ардагерлер, оқушылар мен студенттер, жергілікті атқарушы билік өкілдері ескерткіш басына гүл шоқтарын қойып, соғыс құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Елге қайтпаған жауынгерлер рухына құран оқылды. Бүгінгі жастар ондай қанды оқиғаны көрмесін, тарихтан ғана оқысын деген тілек айтылды.

  Медеу Көпешов, Қожаберген жырау атындағы орта мектеп оқушысы:

-Ауған соғысы өте қайғылы оқиға. Соғыс болмасын.

  Мәдина Тәжібаева, Қожаберген жырау атындағы орта мектеп оқушысы:

– Оны мен ағамнан білемін. Менің ағам осы соғысқа қатысты. Ешкім одан сұраған жоқ барасың ба, бармайсың ба деп. Ата-аналарға көп қасірет әкелді . Мен осы ескерткішке келіп жылап отыратын ата-аналарды көрдім.

Талғат Самаратов ауған соғысына 1983 жылы кірді. Әскер қатарына алынысымен 15 ай тау-тастың ортасында соғысты. Ал кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанын елде жүріп тағы төрт жыл күтті.

  Талғат Самаратов, ауған соғысының ардагері:

– Естігенде өте қуандым.

Қауіп -қатерге толы күндерді бастарынан кешірген бұл жауынгерлер үшін ақпанның 15-і қуаныш пен қасіретті қатар еске салады.

 Талғат Самаратов, ауған соғысының ардагері:  

-Қаншама балаларды тастап кеттік. Ол ұмытылмайтын нәрсе. Соғыс болмасын деп ойлаймын.

2 238 күнге созылған Ауғандағы қантөгіс 20-шы ғасырдағы ең ұзақ соғыс ретінде тарихта қалды. Оған 20 мыңнан аса қазақстандық қатысты.  

 Әсем Рахметова