ТЖ

Сауда орталығындағы өрт

 

Өрт сауда орнындағы дүңгіршіктердің бірінен шықты. Сөредегі сыр, лак, бояу еріткіш дәл сол жердегі қоймада үлкен көлемде сақталған екен. Тұтанып кеткен тез жанғыш заттар қас қағым сәтте лапылдаған отқа айналып, қызыл жалын көрші дүңгіршіктерге  көшіпті. Соның салдарынан қаз-қатар тізілген сегіз дүңгіршіктің екеуі толығымен өртке оранған. Оқиға орнына дереу жеткен 20 құтқарушы мен үш арнайы техника оттың әрі қарай өршуіне жол бермеді. Жарты сағат бойы билік құрған тілсіз жау түнгі төртте толығымен ауыздықталды. Жалын сауда орындарының 120 шаршы метрін шарпыпты. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.

 Болат Байғаскин, Петропавл қалалық төтенше жағдайлар департаментінің аға анықтаушысы:
-Орташа деңгейлі өрт, десе де тез жанғыш заттардың болуы отты жылдам өшіруге кедергі жасады. Құтқарушылар жылдам қимылдап, әйтеуір оттың көрші нысандарға түсіп кетуіне жол бермеді. Қазір тілсіз жаудың шығу ошағы мен себептері анықталып, келтірілген залал есептелуде.

Жыл басынан бері облыста 107 өрт оқиғасы тіркелді. 16 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Материалдық шығын 43 миллион теңгені құрады. Қыстағы өрттердің басым бөлігі жеке тұрғын үйлерден шығады. Құтқарушылар әдетте төтенше жағдайлар тұрғындардың бейқамдығынан болатындығын  айтады. Пештерді дұрыс пайдаланбау, электр құралдарын, газ, керосинді қолдануда сақтық ережелерін елемеудің ақыры қайғылы аяқталып жатады.

Жеңіс Ермұқанов