Білім

Көп тіл білу – табыс кепілі

   
 

 

 

 

Әлемнің барынша дамыған елдерінің қатарынан орын алуға ұмтылған бүгінгі Қазақстанның азаматтары үш тілді меңгеруі тиіс деген Елбасының талабы оның биылғы жылғы жолдауында да көрініс тапты. Ал қазақ-түрік лицейі бұл тапсырманы орындап жүрген білім шаңырақтарының қатарында. Мұнда осымен 11 жыл қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдері оқытылып келеді.

  Ахмет Гази Чолак,  дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының директоры:
– Тілдерді үйретуге ерекше мән беріліп, оқыту процесінде бүкіл әлемдік озық тәсілдер қолданылады. Көп тілді және көпконфессиялы қоғамдағы бейбітшілік пен келісім – біздің еліміздің бірлігінің нәтижесі.  

Лицей шәкірттері физика, химия, биология, информатика сынды техникалық пәндерді халықаралық ағылшын тілінде оқыса, жеке сабақ түрінде түрік, орыс тілдерін меңгереді. Бұл оқытудың күрделі тәсілі болғанмен жарқын болашақтың кепілі. Мұны оқушылар еріксіз мойындайды. Биылғы жылдың түлегі Роман Данникер ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша АИТИ университетіне түспек. Мектептен ағылшын тілін еркін меңгеріп шығатын ол халықаралық ЖОО-да еркін білім алатын болады.

  Роман Данникер, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейинтернатының оқушысы:
Мен осы лицейге түскеннен бері қазақ тілін және түрік тілін жақсы меңгеріп келемін. Бұл тілдерді меңгеру мен үшін болашақта мамандық таңдауға көмегін тигізеді. ЖОО-ға түскенде адамдармен табысуға көмегі көп.

2017 жылға дейін халықтың 80%-ы білуі тиіс қазақ тілін үйрету үшін лицей ұстаздары барынша оңтайлы оқыту жүйесін қолданып келеді. Бұл орайда “тәрбие басы – тал бесік” деген нақылға сүйенетін білім ордасында ата-аналар мен оқушылар арасында байқау ұйымдастырылмақ. Наурызда “Жарқын болашақ” атты қазақ тілінің фестивалі өтеді. Дәл сондай шара ағылшын, түрік тілдеріне де арналады. Биылғы Жолдауда аталғандай, дербес табыстылықтың кілті – үш тілділік лицей ұжымына жаңа бағыттарды қолға алуға міндеттейді.

  Ахмет Гази Чолак, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей интернатының директоры:
Жолдаудың өскелең ұрпаққа білім беру, тәрбиелеуде таптырмайтын ақыл-кеңес екенін айтқым келеді. Биыл біз үшін ерекше жыл, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын лайықты қарсы аламыз деп ойлаймын.  

Биылғы жыл бұл білім ошағы үшін де ерекше. Биыл олар алғашқы түлектерін ұшырмақ.

 Кәусар Аяпбергенқызы