Бизнес және экономика

Теңге тұрақтанады деген сенім мол

 

 

 

Болжам өткен уақытты бағдарлау, шет елдер тәжірибесін бақылау арқылы жасалады. Өткен жылы еліміздегі ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 пайызды құрады. Қаржылық дағдарыстан кейінгі кезең үшін үлкен көрсеткіш. Бұны халықаралық рейтинг агенттіктері дәлелдеп отыр.

  Жомарт Қажырақымов,  ҚР Ұлттық банкі СҚОФ директоры:

-Халықаралық рейтинг агенттіктері біздің рейтингімізді көтерді. Мысалы, Қазақстан мен Ресей бір деңгейді көрсетіп отыр. Ал Белоруссия аз да болса қалып отыр.

Ал үстіміздегі жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі 5 пайызды құрайды деген болжам жасалған. Жыл сайын мұнай мен астық бағасы жоғарылауда. Ендеше  бұл көрсеткіштің әлдеқайда өсуі де ғажап емес. Өткен жылы елімізде әуелде көрсетілген инфляция деңгейі сақталды. Республика бойынша 7,8 пайызды, облыста7,5 пайызды құрады. Үстіміздегі жылы инфляция 6-8 пайыздан көрінеді делінген.

  Жомарт Қажырақымов,  ҚР Ұлттық банкі СҚОФ директоры:

-Кейбіреулер өздері алып жүрген 5-6 тауарға қарап есептейді. Бұл дұрыс емес. Дүниежүзілік методика бар. Осы методикаға 500- ден аса тауар кіреді. Осы тауарға қарап инфляцияны көреміз.

Банк саласының жүйелі жұмыс істеуінің ел экономикасына қосар үлесі мол. Соңғы уақытта қаржы институттарындағы жұмыстың жанданғаны байқалды. Өткен жылы облыстағы екінші деңгейлі банктер клиенттеріне 50 миллиард теңгенің кредитін берген. 17 миллиард теңге шағын және орта бизнес үлесінде. 2009 жылмен салыстырғанда берілген кредит 11,5 пайызға өскен. Банктердегі тұрғындар салымы да көбейген. Жалпы банк саласындағы қозғалыс пен халықтың әл-ауқатының жақсаруында тікелей байланыс жатыр.

  Жомарт Қажырақымов,  ҚР Ұлттық банкі СҚОФ директоры:

-Банктер көбірек несие берсе, төлейтін салық көбейеді. Экономика өседі. Осының арқасында зейнетақыны, жалақыны өсіруге болады.

Облыстың бас қаржыгері теңгенің наурыздың 20-нан еркін жүзуге көшуінде де еш қауіптің жоқтығын айтады. Керісінше теңге тұрақтанады деген сенім мол.

Әсем Рахметова