ТЖ

Өрт сөндірушілер мен полицейлердің бірлескен рейді



 

 

Өрт сөндірушілер бірінші кезекте Ойқала ауданында Смирнов, 62 мекенжайындағы үйдің бірінші пәтерінің  есігін қақты. Алайда баспана иесінің де, оның меймандарының да төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерін қарсы алуға мұршалары жоқ. Бәрі удай мас. Баспананың әр жерінде арақтың бос бөтелкелері мен темекі қалдықтары шашылған. Өрт қауіпсіздігі ережелері мүлдем сақталмайтын көрінеді. Электр желілері оқшауланбаған. Пеш ашық жатыр. Тілсіз жау күрескерлерінің ескертулеріне құлақ аспақ түгілі ішімдіктің буына қызып алған көңілді отырысқа қатысушылар екі сөздің басын қоса алмады. Бұндайдың арты қайғылы оқиғамен аяқталуы әбден мүмкін.

 Мирас Әменов, Петропавл қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бас инженері:
-Өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермейтін осындай жандармен әрдайым кездесіп, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері , тәртіп сақшыларымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Көп жағдайларда осындай үйлер отқа жиі оранады. Ішкен адам төсекте тұтатылған темекімен ұйықтап кетіп, түтінге тұншығып қалғанын сезбей де қалады.
Бұндай келеңсіз оқиғалар да біздің тәжірибемізде аз емес.

Келесі мекенжайда да дәл сол оқиға қайталанды. Бұл баспананың иесі де араққа салынған. Ішімдіктің соңында жүріп аяқтарынан айырылып қалыпты. Енді есік қақпай келетін тілсіз жаудан қорғану амалдарын жасайтын да қарекеті жоқ. Кез-келген уақытта қызыл жалын үстемдік құруы мүмкін. Жалпы Ойқала ауданында осындай әл-ауқаттары төмен 40-қа тарта отбасы бар екен. Полицейлер мен құтқарушылар әр отбасын аралап, өрттің алдын алу шараларын түсіндіріп үнпарақтар таратты.

 Ринат Симамбаев, Петропавл қалалық төтенше жағдайлар департаментінің инженері:
– Көбіне абайсыздық танытады. Қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмайды. Қыс уақытында әсіресе пештің дұрыс салынбауынан өрт туындайды. Жасанды жылыту құралдарын пайдалану да өте қауіпті. Электр желілері оқшауланбайды. Балалар қараусыз қалып отпен ойнайды.  

Үстіміздегі жылдың басынан облыс орталығында 5 млн теңгенің шығынын әкелген 32 өрт оқиғасы тіркеліпті.  22-сі жеке тұрғын үй секторында орын алған. Оның салдарынан 7 адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Біреуі кәмелет жасына жетпеген жасөспірім.

 Жеңіс Ермұқанов