Қоғам

Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернат шәкірттерін Назарбаев университетіне даярламақ

 

 

 

 

Жаңа әлеуметтік саясат – биылғы Жолдаудың ең маңызды тармағы. Халықтың әл-ауқатын жақсарту – бұл бағыттағы іс-қимыл жоспарының көздегені осы. Бұл ретте мемлекет басшысы алты басымдықты айқындап берді. Олардың қатарында білім беруді дамытуға айырықша мән берілген.  Бүгінгі ұрпақ – еліміздің ертеңі. Сондықтан бұл саланы жаңғыртуды одан әрі жалғастыру қажет. Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат мұғалімдері Жолдау жүктеген міндеттерді орындауға әзір.

  Айжан Ахмет, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың тарих пәнінің мұғалімі:
-Біздің мектептің статусына сәйкес дарынды балаларды даярлауды көздеп отырмыз. Біздің оқушылар «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып жатыр. Ендігі мақсат – Назарбаев университетіне түлектерді даярлау.  

Бұл үшін тәжірибе бар, мүмкіндік те мол. Аталған білім ошағының оқушылары көп жыл қатарынан ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетіп, көш бастап келеді. Назарбаев университетіне оқуға түсуді мақсат етіп қойғандар қатарында Әсем Ғабдулина бар. 10-сынып оқушысын бүгінде білім беру саласында болып жатқан өзгерістер айырықша қуантады екен.

  Әсем Ғабдулина, 10-сынып оқушысы:
-Жолдауда білім беруге көп көңіл бөлінген. Бәрі көңілге қонымды. Мен болашақ студентпін. Мені стипендияның жыл сайын көбейіп жатқаны қуантады.

 Өмір бойы білім алу  әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс деді Елбасы биылғы Жолдауында. Бұл қағида кейінгі толқын өкілдерінің қолдауына ие болды. Бүгінгі таңда елімізде жастардың сапалы білім алып, жемісті еңбек етуіне бар жағдай жасалып-ақ жатыр.  «Енді біздің міндет – парасат пайымы биік, жан-жақты тұлға болуға ұмтылу» – Президент Жолдауын қызу талқылаған оқушылар осындай тоқтамға келді.

  Ерболат Нұрманғалиев,  10- сынып оқушысы:
-Біз кейінгі ұрпақ үмітті ақтауға талпынуымыз қажет.

 Айымгүл Әбілева