Билік

Петропавл әкімінің тұрғындармен қорытынды кездесуі

 

 

 

 

Тұрғындар облыс орталығының тыныс-тіршілігі жайында толық хабардар болулары керек. Есептік кездесудің көздегені де сол. Сондықтан Нұржан Әшімбетов әдеттегідей бір жылда атқарылған жұмыстарды баяндады. Өнеркәсіптегі өрлеген істер, кәсіпкерліктегі шыққан биіктер, бюджеттің кіріс -шығыс бөлігі, тұрғызылған үйлер, төселген, жамалған жолдар – баяндамада барлығы көрініс тапқан. Өткен жылы бірқатар әлеуметтік бағдарламалар қарқынды жүзеге асырылды. “Балапанның” арқасында бүлдіршіндер балабақшаға барды. 315 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 3076, қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарда 1900- ге тарта адам еңбек етті. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған “Менің әсем қалам” акциясы барысында 12 шағын бақ көгалдандырылды. Тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылды . Жаңа жыл -жаңа талаптар. Бұл жылдағы қайталанатын құбылыс. Қала әкіміне жеткен сауалдарда сан жоқ:  арыз-өтініштер жәшігіне түскендері бар, сол жерде асығыс қағазға жазылғаны бар. Мәселен, тұрғындар қала көшелеріндегі гүлзарларға гүлдің аса әдемі отырғызылмайтындығын айтады. Кәсіби маманның көмегі керек-ақ. Қала әкімінің көкейіндегі жүрген мәселе екен. Жақында шешілетін болды.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:

-Сәуірдің 24-і Астана қаласында гүл өсірушілер мен ландшафт  дизайнерлері  еңбектерінің көрмесі өтеді. Сол көрмеге “Коммунхоз” кәсіпорнының қызметкерін жібермекпіз. Сонымен қатар облыс орталығының көшелерін көгалдандыру бойынша байқаулар жариялау да жоспарда бар. Ол байқауға жеке кәсіпкерлер қатыса алады.

Көшелердегі жылу құбырланының даланы жылытып жатқаны қала әкімін де қатты алаңдатады екен.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:

-Бюджеттен қаржы бөліп, коммуналдық меншіктегі құбырларды орауға кірістік. Ал иесіз қалған жүйелерді алдымен сот арқылы қала меншігіне аударуымыз керек. Бұл жұмыс жүргізіліп жатыр.

31 бағыттағы автобусты әскери институтқа жеткізу туралы тұрғындар өтініші де назардан тыс қалмайтын түрі бар.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:

-Өткен жылы 10 автобус бағытын тұрғындар өтініштері бойынша өзгерткенбіз. Бұл жұмысты жүзеге асыруда да ыждахаттылық керек. 31 бағыт та өзгелерге кедергі келтірмесе, қараймыз.

Бұл жолы да коммуналдық үй сұраушылардың легі азайған жоқ. Ұзақ жылдар кезекте тұрған мүгедектер, өрттен үйсіз қалғандар, жетімдер әр жиналыста төбе көрсетіп тұрады. Бірақ кезектің аты – кезек. Набережная көшесіндегі өртеніп кеткен 2 үйдің тұрғындары да өз кезектерін күтеді.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:

-Қазір депутаттар жаңа бағдарлама бойынша сіздерге 100 мың теңгеден көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр. Бұған дейінгі әр отбасына берілген 100 мың теңге ардагерлер қорынан бөлінген. Ал пәтер мәселесіне келсек, қазір даяр тұрған үй жоқ.


Жалпы есептік кездесулерде тұрғындар мен жергілікті атқарушы биліктің диалогы барынша қызу жүреді. Әділдік іздегендер осындай кездесулерде еркін көсіледі.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:

 –Интернациональная көшесіндегі 35 үй бұзылғалы тұр. Адам шығыны болуы да мүмкін. Жоқ жерден шыққан айғай деп ойламаңыздар. Осы үйдегі “Чародейка” дүкені құрылыс жүргізген кезде бағаналардың 70 пайызы бұзылған.

Қала әкімі мәселенің мән-жайын анықтауға құлшыныс танытты. Міндетті түрде шара қолданылады. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің лифтілерін жөндеу де үстіміздегі жылы қолға алынбақ. 40 шақты лифтінің біреуін жөндеуге 1,5 миллион теңге керек екен. Бұл қаржы бюджеттен қарастырылмақ. Сондай -ақ, облыс орталығына концерт залы керек. Үлкен, жарық, дыбыс еркін қалықтайтын зал өнерсүйер қауымның қалауы – биылғы жылдың бюджетінде жоқ, алдағы күннің жоспарында.

Әсем Рахметова