Билік

Есіл ауданы әкімінің есебі

 

Аудан әкімі Асқар Бегманов есепті кездесуде өткен жылы тұрғындардың  жағдайын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Есілдіктердің  өткен жылғы талап-тілектері толық орындалыпты.  
Жергілікті атқарушы билік өкілдеріне қойылған сұрақтар биыл да аз болған жоқ. Мәселен, тұрғындарды аудандық ауруханада қызмет көрсету сапасы алаңдатады. Ал емдеу мекемесінің бас дәрігері мұнымен келіспеген сыңай танытты.  Спасов селолық округінде де білікті мамандар жеткіліксіз көрінеді.  
Жиында аудан орталығындағы автостанция туралы да мәселе көтерілді, ғимарат жөндеуді қажет етеді, ал вокзалдағы дәмхана санитарлық нормаларға сәйкес емес.
 
Серік Біләлов, СҚО әкімі: :
– Неліктен қарапайым тәртіп орнатуға болмайды?  Иесі одан күнде табыс тауып отырған жоқ па? Сергеевка, Ғ.Мүсірепов ауданы, Петропавл жақтан   күнде автобустар жүреді, бәрі Явленканы басып өтеді. Не себеп, неге тәртіп жоқ?

Есілдіктерді толғандырып отырған тағы бір мәселе – азық-түлік бағасы. Бескұдық селолық округінде нан қымбат деп шағымданған тұрғындар облыс әкімінің көмектесуін өтінді. Ауданда спорт бапкерлері жеткіліксіз, білім мекемелері салқын, жолдар жөндеуді қажет етеді.  Аудан әкімі бұл мәселелердің барлығы шешіледі деп уәде етті.  Қаңтардың 18-нен бастап Қазақстан  ұлттық сандық теледидар жүйесіне  көше бастады. Спутниктік теледидарды іске қосу  – әлеуметтік маңызды жоба. Бұл бағытта біздің облыста да белсенді жұмыс жүргізілуде деп атап көрсетті облыс әкімі. Серік Біләлов Явленка селосының тұрғыны, соғыс ардагері Александр Картавенкоға  спутниктік теледидар арқылы хабар қабылдағыш құралды табыс етті.  Есепті кездесуде тұрғындар Явленка №1 мектебінің суықтығына шағымданды. Өңір басшысы  жұмыс сапары барысында білім ошағына кіріп шығып, бұл мәселені өз бақылауына алды. Мекемені жылумен «Қамқор» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қамтамасыз етеді. Мектептің жылыту жүйесі жаңартуды қажет етеді екен. Облыс әкімі келесі жылы жаңа қазандықтар орнатуды ұсынды.  Облыс әкімі Явленкадағы №3 мектепте де болып шықты. Мұнда ғимарат жылы, шағын орталықта температура 22 градустан төмендемейді екен. Бұдан кейін Николаев селолық округіне барған облыс басшысы жаңа сауда-өндірістік кешеннің ашылуына қатысты. «Контимит-агро» ЖШС –нің қаржысына тұрғызылған  орталықта жаңа 10 жұмыс орны ашылды. Мұнда ауыл халқына керек-жарақтың бәрі бар, сонымен қатар наубайхана және шаштараз жұмыс істейді. Серік Біләлов «Рустикус» ЖШС-де де болып шықты. Шаруашылық егін егіп, мал өсіреді. Тек ферманың материалдық базасы нашарлау екен, облыс әкімі  бұл ретте серіктестік басшысына  мемлекеттің қолдауын пайдалануды ұсынды.