Құқық қорғау органдары

Аюандықпен кісі өлтірген топтың үкімі шықты

 

 

 

Бұл жолы темір тордың ар жағында Дәулет Ескендіров, Василий Ескендіров, Кирилл Титов және Андрей Қузнецов отыр. Олар 2010 жылдың 6-шы маусымында мас күйінде Астраханка селосының көшесінде мотоциклмен келе жатып, Юрий Гаарды соғып кеткен. Соққының қатты болғаны соншалық, жәбірленуші көліктің жолаушы тасымалына арналған люлкесінің ішіне құлап түсіп, сезіктілерге ілесіп кете барған. Кейін жол бойындағы орманның ішіне аялдаған жолаушылар мен Юрий Гаардың арасында жанжал туындайды. 4 айыпталушы келісіп, жәбірленушіні соққыға жығады. Ақыры, ащы суға әбден уланған Андрей Кузнецов пен Василий Ескендіров  Юрий Гаарды буындырып өлтіреді. Асқан зұлымдықпен жасаған қылмыстарын жою мақсатында айыпталушылар мәйітті өрттеп жіберген.
Қылмыстық іс бойынша жарты жылға жуық жүргізілген тергеу амалдары кезінде табылған дәлелдемелер және айыпталушылардың қылмысқа қатыстығын мойындағандарын ескерген сот өз үкімін шығарды.

  Бахытжан Сатвалдинова,  СҚО қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы:
Сот Дәулет Ескендіров пен Андрей Кузнецовты қылмысқа кінәлі деп тапты. Олар 15 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қатаң тәртіпті түзету мекемесінде өтесін. Василий Ескендіров 13, Кирилл Титов 12 жылға қамауға алынып, жазасын қатаң тәртіпті түзету мекемесінде өтейтін болады.  

Тергеу амалдарын жүргізу барысында тәртіп сақшылары бірнеше өрескел қателіктерге бой алдырған. Соның бірі – ауыр қылмысты жасырған Дәулет Ескендіровтың досы Асылбекова жауапкершілікке тартылмаған. Сондай-ақ, сезіктілердің мінездемесіндегі қолтаңбаның жалған екендігі анықталған. Судья достарының қылмысы жайлы жасырған Асылбековаға қатысты қылмыстық іс қозғау керек деген ұсыныс жасады. Айта кету керек, бастапқыда Юрийді өлтірді деген айыппен оның апасының күйеуі қамауға алынған болатын. Бірақ балдызының өліміне қатыстығын дәлелдейтін айғақтар табылмағандықтан, ол босап шықты. Бүгін нақты қылмыскерлер сазайын тартты. Алайда  Юрийдің апасы Елена Иванова соттың шешімімен келіспей отыр

 Елена Иванова:
Тым жұмсақ жаза тағайындалды. Менің ойымша, адам өлтіргендерді өлім жазасына кесу де артық болмас. Егер осындай жаза қолданылса, өзгелер де қылмыс жасауға бармас еді.

Айыпталушылар 15 тәулік ішінде соттың үкімін қайта қарауды талап етуге құқылы.

Айдана Демесінова