Спорт

Аслан Тоқбаев – Азиада жеңімпазы

 

 

 

Темір жол вокзалының перронында үлкен той, қуанышты қарбалас. Солтүстік Қазақстанның топырағы түлеткен сайыпқыран спортшы Аслан Тоқбаев Ақ  Азиадада барша қазақ елінің үмітін ақтап, мақтанышқа айналды. Жұрт тағатсыздана күткен Алматы-Петропавл бағытындағы поезд аламан бәйгеде ерлей білген жолаушыны туған жеріне жеткізді. Ел намысын абыройлы қорғап, өңірімізге қысқы Азиаданың алтын алқасын сыйлаған Асланды облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов пен қала әкімі Нұржан Әшімбетов қарсы алды.

  Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Бүгін біз ірі жеңіспен оралған жерлесіміз Аслан Тоқбаевті құшақ жая қарсы алып отырмыз. Ұлттық құрамадағы 70 медальдің 32-сі алтын. Осылайша еліміз 7-ші қысқы Азиадада рекордты жаңартты. Бұл жетістікке алтын алқаны кеудесіне басқан Аслан Тоқпаевтың да үлкен үлесі бар. Өңір спортшылары ие болған  5 медальдің бірі алтын. Асланныңбұл жеңісті жолы жалғассын деп тілеймін.  

Асланның аяғына шаңғы байлап, спорттық бағдарлаумен әуестенгеніне 16 жыл болыпты. Десе де түрлі деңгейлердегі жарыстарға өңір атынан тек өткен жылдан шығып жүр екен. Бұған дейін елорда құрамысының сапында болыпты. 1 жылдың ішінде Асланға ел біріншілігінде тең қарсылас табылмай , екі дүркін ҚР қысқы спартакиадасының чемпионы атанды. Сондай-ақ екі мәрте әлем кубогына қатысып, шеберлігін сынап көріпті. Енді міне Азиадада ұлттық құраманың сапында жұлдыздай жана білген Михаил Сорокин, Александр Бабенкомен қатар Аслан Тоқбаев шаңғымен спорттық бағдарлаудан өткен кешенді эстафеталық қашықтықта кәрі құрлықтың алпауыт елдерінің сайыскерлерінен озып,  жеке дара келді.

  Аслан Тоқбаев,  7 қысқы Азия ойындарының жеңімпазы:
Мен өте қуаныштымын. Үйге келдім. Менің мақсатым орындалды. Мен қысқы Азия ойындарында алтын медаль алдым. Қазақстан, тек қана алға! Барлығыңа рақмет. Дайындығыма көмек жасаған облыс әкімі Серік Сұлтанғазыұлына үлкен рақмет.  

Асылбек Тоқбаевтың қуанышында шек жоқ. Чемпионның әкесі ретінде бір марқайып қалса,   Асланның жеке жаттықтырушысы ретінде де мәртебесі асқақтай түсті.

 Асылбек Тоқбаев, бапкер:
Шынымен мен қуаныштымын. Біздің елімізде, облысымызда бірінші рет қазақ баласы қысқы спорт түрінен Азия ойындарының алтын медалін алып келіп отыр. Бұның өзі үлкен еңбекпен келген нәрсе. Әр медаль тер төгіп, дайындалу арқасында келеді. Бұл жарыстарға балам 4 жыл бойы дайындалды.   

Асланның жеңісіне кәміл сенген туған-туыс, дос-жарандары, спортағы әріптестерімен қатар, вокзалға спортшымыздың жетістіктерін тікелей эфирде тамашалап тәнті болған жанкүйерлер де қуанышқа ортақтасу үшін келген.

 Кенжегүл Хамзина,  СҚО ұлттық спорт түрлері мектебінің әдіскері:
– Аслан Тоқбаев ең бірінші рет біздің мектептен бастаған болатын. Біздің мектептің 2009  жылғы  түлегі. Осындай қазақ елінің батырлары көбейіп өсе берсін. Асланға тек осындай үлкен жеңістер тілейміз.  

  Станислав Кучеренко, шаңғышы:
– Асланмен 2003  жылдан бірге жаттықтық.
Ол сол кезден өзін нағыз еңбекқор, алған бағытынан қайтпайтын дарынды шаңғышы екендігін танытты. Бұл жолы барлығымыздың мақсатымызға да бірінші болып жетті. Жолдасыма енді әлемдік шыңдарды бағындырсын деп тілеймін.

Жеңіс Ермұқанов