Қоғам

Президент Жолдауындағы басым бағыттың бірі – әлеуметтің әлеуетін көтеру

Президент жыл сайынғы халыққа Жолдауында әлеуметтің әлеуетін көтеруді басым бағыт ретінде айқындайды.

 

Биыл да маңызды құжатта бұл басымдық нақтыланды. Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан зейнетақы көлемі 30 пайызға көтерілсе, бірінші шілдеден стипендия мен бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы өспек.

  Нұрсұлтан Назарбаев,  ҚР Президенті:
– Екі жыл қатарынан біз зейнетақы мен еңбекақыны 25 пайыз көтердік. «Нұр Отан»ХДП халықтық платформасында жоспарланғанындай, 2012 жылға дейін зейнетақылар, бюджеттік ұйымдардағы еңбекақы және шәкіртақы 2008 жылмен салыстырғанда 2 есе өседі. Біз осылай деп уәде еткенбіз, біз оны орындадық.  

Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына қадам басқан уақытта халықтың әл-ауқатының мүлдем басқа деңгейге көтерілгені жөнінде айта аламыз дейді зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың облыстық филиалының директоры Кемеңгер Әмрин. Ал бұның айқын дәлелі – ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем бойынша Қазақстан өткен жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға тұрақтады. Тағы бір мысал, бүгінде біздің облыста орташа зейнетақы – 34 236 теңгені құрайды. Он жыл бұрын оның мөлшері төрт жарым мың теңге болатын.

  Кемеңгер Әмрин, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың облыстық филиалының директоры:
-1998 жылы бір жыл көлемінде төленген сома – биылғы жылы қаңтар айында ғана берілген сомаға тең. Бұл қаржы 4 млрд. теңгеден асып жығылады. Осылайша біздің облыста он жыл ішінде орташа зейнетақы мөлшері он есеге өскен.  

Президент биылғы Жолдауында 2020 жылға дейінгі еліміздің бағыт-бағдарын айқындады. Ал бұл маңызды мақсат-міндеттер ел экономикасын дамытып, халықтың өмір сүру деңгейінің жоғары сатыға көтерілуіне мүмкіндік бермек.

Айымгүл Әбілева