Бизнес және экономика

Оңтүстіктен жеткен арзан көкөніс саудаға шығарылды

 

 

 

 

 

“Қызылжар – Ақбастау” коммуналдық базарының сауда сөрелеріне түскен көкөністі халық тез-ақ алып кетіп жатыр. Өнімнің бағасы нырақтағыдан біршама төмен. Картоп пен пияздың келісі – 115 теңге, қырыққабат – 110 теңге, сәбіз – 85, қызанақ – 300 теңгеден сатылуда.

  Күлбарам Сәкенова, сатушы:
-Көкөністің бағасы халықтың көңілінен шығып жатыр. Картоп, сәбізді тез алып кетуде. Сапасы да жақсы.  

70 тонна көкөніс өткен демалыс күндері Петропавлға Қырғызстаннан жеткізілген болатын. Бұл қалалық әкімдік жасаған келісім аясында мүмкін болып отыр. Ал ақпанның жетісінде коммуналдық базар мен “Шапағат” дүкендеріне 12 тонна қызанақ  түсті.

  Евгения Сальникова, қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы:
-Қала тұрғындарын нарықтағыдан бағасы төмен көкөніспен қамтамасыз ету үшін облыс басшылығының тапсырмасымен қалалық әкімдік тиісті шараны қолға алды. Дәруменді өнім Қырғызстан мен Өзбекстаннан делдалсыз тікелей жеткізіледі. Тиісінше өнім бағасы өзге сауда орындарынан төмен. Көкөністің алғашқы партиясы коммуналдық базар мен “Шапағат” дүкендерінде сатылып жатыр. Өнімнің өткізілуіне байланысты облысқа оңтүстіктен көкөніс енді тұрақты түрде жеткізіліп тұрмақ.

Коммуналдық базарда қырғыз елінен жеткізілген көкөніс екі сауда нүктесінде өткізілуде. Зейнеткер Зәуре Темірбаева дәруменді өнімнің бағасы қалта көтерерлік екенін айтады.

  Зәуре Темірбаева, зейнеткер:
– Көкөністің бағасы тиімді. Бүгін міне толтырып алдым. 1500 теңге ғана бердім. Енді үнемі осылай көкөністің бағасы төмен болса дейміз.

Сондай-ақ Қырғызстаннан жеткізілген көкөніс сенбі сайын “Алтын арман” , “Дария” және “Корона” сауда үйінде өтетін жәрмеңкеде де саудаға шығарылады. Облыс орталығында бірінші кезектегі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қалалық әкімдік пен базар жетекшілері арасында жасалған меморандум да ықпалын жасауда.

Айымгүл Әбілева