Қоғам

Ардагерлер ұйымының жаңа басшысы сайланды

 

Облыстың белсенді ардагерлерімен кездескен өңір басшысы Серік Біләлов алдымен атқарылған жұмыстарға тоқталды.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Құрғақшылық жылы орташа астық алдық. 2011 жыл да жақсы болады деп ойлаймын. Біздің ардагерлер көп жұмыстарға үлестерін қосып жатыр.

Облыс әкімі алда тұрған үлкен міндеттер – Президент сайлауы, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы сияқты шараларды өткізуде де ардагерлердің көмегіне сүйенетіндігін айтты. Бүгінде облыста ардагерлер кеңесінің 674 бастауыш ұйымында 86 мың адам мүшелікте тұр.  Олар ел өміріндегі елеулі шараларға атсалысып келеді. Облыстық ардагерлер кеңесін 10 жыл басқарған Анатолий Ряжских өтінішінде өзін төрағалықтан босатуды сұраған. Облысты басқарған 6 бірдей әкіммен еңбек еткен Анатолий Егорович   билікпен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесіне риза.

  Анатолий Ряжских:

-Мен шын жүректен президиум мүшелеріне, тұрақты комиссия төрағаларына , өзіммен қызмет еткен адамдардың барлығына алғысымды білдіремін. Барлық облыс басшыларына ризамын. Серік Сұлтанғазыұлы ардагерлерге ерекше көңіл бөледі. Жергілікті атқарушы биліктің көмегінсіз біз ештеңе де жасай алмас едік.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағалығына бұған дейін “Жамбыл су” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын басқарып келген Ескендір Елеусізов сайланды.

  Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Сіздерге сүйеніп, әр қызметтерде оқыған-тоқығанымды пайдаланып, жұмысты жүргізуге уәде беремін.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының екі орынбасары Рүстем Уәйісов пен Павлина Соколова да қоғамдық лауазымдарын босатты. Олардың орнына Николай Сахаров пен Виктор Ланг сайланды.
Облыс әкімі кеңестің бұрынғы басшыларына алғыс хаттар мен картиналар табыс етті. Қостанай облысындағы санаторийге жолдама берілетіндігін айтты. Сондай -ақ Рүстем Уәйісовтің кітабын бастыруды облыс басшылығы өз мойнына алды.
Бұдан кейін кеңестің күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер қаралды. Өңір басшысы облыстық, аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағаларына жалақы тағайындау мәселесі қарастырылатындығын айтты. Ал Президент сайлауы кезінде ардагерлерге белсенділік таныту тапсырылды.

 Әсем Рахметова