Әр түрлі

Петропавл әуежайының жұмысы қайта жанданды

 

Бұл – стратегиялық маңызы бар нысанның жұмысы жанданғалы әуежайға келіп қонған екінші ұшақ. Петропавл әуежайының жұмысы өткен жылдың күзінде тоқтатылған болатын. Ақпанның бірінен екі айға жалғасқан үзілістен кейін солтүстік өңірде әуе қатынасы қайта жанданды.

  Ольга Семенова, жолаушы:
Әуе қатынасы керек, әрине. Қауырт шаруа болып қалатын жағдайлар болады. Бұндай кезде поезбен жүрген ыңғайсыз. Сондықтан әуежайдың қайта жұмыс істей бастағанына өте қуаныштымыз. Мен міне алғашқы жолаушылардың қатарында Астанаға еш қиындықсыз барып қайттым.

Енді жолаушылар елордаға аптасына екі рет – сейсенбі және бейсенбі күндері ұшуға мүмкіндік алып отыр. Ал ақпанның жетісінен аптасына бір рет Алматыға авиарейс жасалатын болады. Бүгін Мақсат Тілешов Алматыға Астана арқылы жетпек. Петропавлға жұмыс бабымен жиі келетін азамат еліміздің оңтүстік астанасына тура қатынайттын ұшақ қажет-ақ дейді.  Ұшақтар қатынай бастағанымен, әуежай қызметкерлерінің жалақы қарыздары әлі өтелген жоқ. Төрт ай бойы еңбекақыларын алмаған олар енді жағдайдың түзелетіне үмітті.

  Елена Саблина,  “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ қызметкері:
-Өте қиын кезең болды. Енді әуежай толыққанды жұмыс істеп кетеді деген үміт үлкен. Рейстер болса, еңбекақымыз да төленеді деген ойдамыз.

Әзірге ғимараттың бір бөлігі ғана жұмыс істейді. Шағын зал жөндеуден өткізіліп, бұл жерде қазір жолаушыларды тіркеу, жүктерді тексеру жұмыстары жүргізіледі.  Әуежай қызметкерлері бұл залға көшкелі электр энергиясына кететін шығынның азайғанын алға тартады.

 Айымгүл Әбілева