Билік

Облыстың мұрағат қызметі өткен жылды қорытындылады



 

2010 жыл облыс мұрағаты үшін аса табысты болды. Архивке түскен құжаттардың саны өсіп, құнды жәдігерлерді сақтау сапасы жақсарды. Өткен жылы республикада тұңғыш рет  мұрағаттар “Жол картасы” бағдарламасының аясында күрделі жөндеуден өтті. 37 жылдың ішінде алғаш рет облыс орталығындағы 2 мұрағат ғимараты мен Шал ақын ауданындағы  мекеме жаңа кейіпке енді.

Рустам Бикенев, СҚО мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының бастығы:
Осының нәтижесінде 585 мың данадан астам құжаттарды мемлекеттік стандарт талаптарына сай жағдайларда сақтауға мүмкіндік туды. 48 қызметкеріміздің жұмыс орны жақсарды. Облыстағы 9 мұрағат мекемесіне заманауи өрт дабыл қаққыштары орнатылды. Мұрағаттарға қосымша құжаттардың көшірмесін жасайтын техника алынды.
 
Осылайша, «Жол картасының»  арқасында жолдан жаңылмаған мұрағаттағылар өткен жылы ақылы қызмет көрсетудің ауқымын арттырған. Былтыр облыс көлемінде мұрағат өкілдері 11 млн 250 мың теңгенің ақылы қызметін көрсетіпті. Ендігі міндет – бұл жұмысты еселей түсу деді облыс әкімі. Қосымша табыстың барлығы мұрағаттың өзіне қайтарылады.

 Серік Біләлов, СҚО  әкімі:
-Әрбір елдің тарихында мұрағат ісі маңызды роль атқарады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  “Мұрағат – халықтың құжаттамалық естелігі” деп атап өткен болатын. Өңірімізде мұрағат қорын сақтау мен толықтыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Міне жаңа жыл келді. Бұл еліміздің 20 жылдығы. Жақсылап жұмыс істеуге тілектеспін.
 
Осы күні М.Жұмабаев, Тимирязев, Жамбыл және Шал ақын аудандарындағы мұрағаттардан өзгесі ғимаратты жалға алып отыр. Облыс әкімі бұл мәселені шешуді аудан басшыларына тапсыратынын айтты. Сондықтан  деректі мұраларды сақтау саласында әлі көптеген оң өзгерістер болуы  тиіс.   Серік Біләлов  бір топ мұрағат қызметкерлерін марапаттады. Құжат сақтаушылардың еңбегі облыс әкімінің құрмет грамоталарымен, алғыс хатымен және ақшалай сыйақымен бағаланды.  Тағы 5 аудан өкілдері жеңіл көліктерге ие болды.

Гүлмира Шоқтыбаева