Билік

Нұржан Әшімбетовтің кезекті есептік кездесуі

 

Қала әкімінің өткен жылғы нақ осындай есептік кездесуінде тұрғындар тарапынан 68 өтініш түсіп, оның алпыс алтысы орындалыпты. Негізгілері қаланы көріктендіру, су құбырларын жаңарту, балабақшалар санын көбейту, жолдарды жөндеу сынды шаруалар. Қала басшысы өтініштері мен өкпелерін құшақтап келген жұртты шын мәнінде қуантқан бірқатар жәйттарды да жеткізді. Мәселен жақында, нан-тоқаш комбинатымен жасалған меморандумға сәйкес, қаладағы нан бағасы қырық үш теңгеден аспайтын болды. Қалада тағы бес тұрғын үйдің құрылысы басталады. Дегенмен жиналғандардың күткені әкімнің ұзақ монологы емес, диалог еді. Сол сәт жеткенде микрофон алдында бірден ұзын-сонар кезек пайда болды. Көптің көкейіндегі сұрақ негізінен жылу мәселесі. Әкім алдымен алдына түскен хаттарды оқып шықты. Мұқанов, 91, Жабаев, 123, 174 мекенжайларындағы үйлердің тұрғындары баспаналары суық деп отыр. Жұрттың ойы «Жылу қымбат, бірақ сапасыз» дегенге саяды. «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры Андрей Калиничев қазір құрастыру жұмыстары жүріп жатыр, енді 5-6 күнде аяқтап қаламыз деп уәде берді. Тағы бір сұрақ зейнетақы төлеу орталығына бағытталды. Өмірінің 47 жылын жолда өткізген жүргізуші, Ленин орденінің иегері Анатолий Плотниковтың алатын зейнетақысы не бары он сегіз мың екен. Талай мекеменің табалдырығын тоздырғанымен, мардымды жауап ала алмаған. Қария енді еңбегінің лайықты өтемін әкімнің көмегімен алам ба деген зор үмітте қалды. Ал Жұмысшы кентінің тағы бір тұрғыны вокзалдан үйіне өтетін әдеттегі жолын сауда дүңгіршектері бөгеп тастағанына шағым білдірді. Бұл мәселе көптен бері қаралуда екен. Нұржан Әшімбетов оның қатаң қадағалауға алынатынын айтты. Кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер талқыланып, назарға алынды. Тұрғындар болса жиыннан үлкен үміт арқалап кетті.

 Тұрғындар:

Кездесу ойдағыдай өтті. Бірақ, меніңше, осылай бір жақтан ғана сұрақ қоймай, бірігіп шешетін қоғамдық кеңес құру керек.
Мен мұнда Серік Біләлов болатын шығар деп келіп едім. Менің сұрағымды ешкім қарамай қойды. Әкімге барсам кіргізбейді.

Кәусар Аяпбергенқызы