Билік

Әкімдердің есепті кездесулері жалғасуда

 

Возвышен орта мектебінде бүгінде  400-дей оқушы екі тілде білім алып жатыр.  Елбасы өз Жолдауында 2020 жылға дейін қазақстандық оқушылардың барлығы  мемлекеттік тілді толық меңгеруі керек деген міндет қойғаны белгілі, яғни бұл іске қазірден бастап кірісу керек. Мұнда спортпен айналысуға да мүмкіндіктер жасалып, түрлі секциялар жұмыс істейді, оның ішінде футбол мен еркін күрес те бар. Жақын маңайдағы елді мекендерден келген балалар интернатта тұрады.  Олар сенбі сайын «Газель» шағын автобусымен үйлеріне барып қайта алады. Мектеп асханасының жұмысы да ойдағыдай, мұнда күн сайын 300 оқушы тамақтандырылады. Түскі астың бағасы 60 теңгеден аспайды. Облыс әкімі балаларға спорт құралдарын тарту етті.   Бұдан кейін Серік Біләлов  аудан әкімі Владимир Бубенконың Возвышен селолық округы тұрғындарымен  есепті кездесуіне қатысты.  Жиында   таза ауыз сумен қамтамасыз ету  мәселесі  көтеріліп, тұрғындар су құбырын күрделі жөндеуді сұрады. Өңір басшысы бұл ретте қолдау көрсетуге уәде етті.  Возвышен селолық округының тұрғындары православие храмын салу жөнінен де жәрдемдесуді өтінді. Ал кәсіпкерлер ипотекалық тұрғын үй құрылысы жөнінен көмек күтеді. Кездесуде Елбасының Жолдауында белгіленген міндеттер жайы да сөз болды. Ауданда мал шаруашылығын дамыту, медициналық қызметтің сапасын арттыру қажет. Есепті кездесуде округ тұрғындарынан барлығы 20 шақты өтініш айтылды. Олардың орындалуы ерекше бақылауда болады.