Ауа райы

ІІД қызметкерлері тілшілерден кешірім сұрады

 

Кезекті апталық брифингте тәртіп сақшылары журналистерге әдеттегідей өткен 7 күндегі өңірдің криминогендік жағдайын баяндап, 2010  жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап берді. Биылғы жоспарларымен де бөлісуге дайындалыпты. Алайда полицейлердің бұл есептеріне журналистер қауымы көңіл аудара қоймады. Баспасөз мәслихатында қаз-қатар тізілген жергілікті және республикалық БАҚ тілшілері басқа ойда отырса, бейнекамералардың обективтері төмен түсірілген. Журналистер қауымы осылайша полицейлерге деген наразылығын танытты. Жуырда өткен Алау эстафетасы мен Елбасының өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдумды қолдауға арналған митингіде тәртіп сақшылары тілшілер қауымының жұмыс жасауына кедергі келтірген болатын. Ол аз болғандай дөрекілік танытып, қол жұмсағандары да бар. Мына бейне роликте алаугерлерді  «Хабар» агенттігінің өкілдері түсіруге әрекеттеніп жатыр. Өйткені бұл арнаға 7-ші қысқы Азия ойындарына қатысты барлық шараны тікелей эфирде тарату тапсырылған. Алайда тәртіп сақшылары жұмыс жасауларына мүмкіндік берер емес. Шеру бойы журналистердің барлығы дерлік осындай келеңсіздікті бастан өткерді.  Шынымен де полицейлерге басшылық тарапынан  отты шеру өтетін негізгі жолдарға ешкімді жібермеу туралы бұйрық беріліпті. Бұл ұйымдастырылған шара мен оған  қатысушылардың қауіпсіздігі  қамында жасалған мәжбүрлік дейді полицейлер. Үстіміздегі жылдың бірінші ақпанында Республикалық 7-ші арнаның операторы Д. Ройз облыс орталығының айшықты жерлерін түсіріп алмақ болады. Бұнда да  қоғамдық тәртіп сақшылары  Дмитрийдің әрекеттерін қауіпті деп тауып, өздерін таныстырмастан камерасын өшіруді талап еткен. Араларындағы кикілжің дауға ұласып, полицейлер күш көрсетуге дейін барыпты. Соның салдарынан  қызметтік бағалы камера істен шығып, жоспарланған сюжет эфирге шықпай қалды.

 Мұрат Ұрымханов,  СҚО ІІД бастығы:
– Бұл аталған барлық фактілерге қатысты қызметтік тексерулер жүргізілді. Кінәлілер ескерту алды. Қызметтеріне сәйкес келмейтін келеңсіз әрекеттерге барған жеке құрамдағы полицейлердің атынан кешірім сұраймын. Бұндай жәйттер болашақта қайталанбайды. Әріптестігіміздің болашақта жалғасатынына сенімдімін.  

Жеңіс Ермұқанов