Спорт

Қазақ күресінен іріктеу сайысы

 

 

 

 

 

 Облысымызда керегесі кеңейіп үлгерген қазақша күрестің тізгінін ұстаған жастар да барған сайын көбейіп келеді. Көкшетауда өтетін республика чемпионатына жолдама алу үшін 110-ға жуық палуан боз кілемге шықпақ. Сайыстың шымылдығын Әнұранмен ашқан соң алғашқы күрескерлер ортаға шақырылды. Белдесу көп ұзамай петропавлдықтың пайдасына шешілді. Ал есе жіберіп алған көкшетаулық қонақ өз жігерін жасытпады.

  Нұрбек Уатхан,  жарысқа қатысушы, Көкшетау қаласы:
лкен дайындықпен келдім. Бірақ жаңа күшім мен өзіме деген сенімім жетпей қалды. Алда әлі көп жарыс бар. Соларда жеңемін деп сенемін.

Қазақша күреске жол ашып, бөлініп жатқан қаражатты спортшылар ақтағандай екен. Республикалық, тіпті халықаралық деңгейге жеткен облыс мақтаныштары баршылық. Көңілден шығып, үмітті ақтағандардың көбі ауылдық жерлердің қара домалақтары екендігін жасырмайды бүгінде  бапкерлер.

  Есләмбек Бекмұрзин, облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры:
Қуантарлығы, күресетін балалардың саны мен сапасы артып келеді. Жаттықтырушылардың да жұмыстары алға басып келеді. Балалар республикалық жарыстарда жүлдегер атанып жүр. Әсіресе ауылдық елді мекендердегі балалардың ұлттық күреске деген қызығушылықтары артты.

Сондай мақтаулы жастың бірі Батырхан Қайырбек Шал ақын ауданынан келіпті.

  Батырхан Қайырбек, жарысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:
– Осы жарысқа үлкен дайындықпен келдім. Ауылда дайындалдық. 1-орын алам деген ойым бар. Алдымдағы мақсатым Көкшетаудағы ҚР чемпионатында жеңіп, Қазақстанның намысын басқа елдерде қорғау.

Көздеп келген мақсатына Батырхан жетті. Ол 64 кг салмақ дәрежесінде 1-орынды иеленді. Ал 51 кг салмақта оның жерлесі Нұргелді Тельман жеңімпаз атанды. Жалпылай есепте балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық спорт түрлері мектебі 1-орынды еншіледі. 2-орында спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, ал 3-орын тұғырынан көкшетаулықтар көрінді. Жеңімпаздар ақпанның 26-сында республикалық турнирде облыс намысын қорғауға аттанады.

Кәусар Аяпбергенқызы