Денсаулық сақтау

Медицина колледжіне – 80 жыл



 

 

 Қоғамға аса қажетті ұстаздық пен дәрігерлік қызметтерді ұштастыра білген Солтүстік Қазақстан  медицина колледжінің ұжымын мерейтоймен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады. 80 жылдың ішінде   медицина колледжі 18 мыңнан астам білікті маман  даярлапты.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 – Сіздерді көне оқу орындарының бірі Солтүстік Қазақстан  медицина колледжінің 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан Республикасының  2030 жылға дейінгі даму стратегиясында азаматтардың денсаулығын сақтау  негізгі басымдылықтардың бірі болып белгіленген. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  биылғы жолдауында медицина қызметін жақсартуға ерекше көңіл бөлді. Осы жылдары білім шаңырағынан шыққан мыңдаған медицина қызметкерлері еліміздің барлық аумағында игілікті іс атқаруда.

Мейірімді де парасатты, білікті де ізденімпаз  ақ халатты абзал жандарды тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып жүрген оқытушылар өңір басшысының құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.
Ал дәрігерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау бөлімінің әдіскері, медицина колледжінің  физика-математика пәндерінің оқытушысы Алмагүл Уәлиева облыс әкімінің қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алды. Білім саласында 20 жылдық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз соңғы үш жылда болашақ дәрігерлерге дәріс оқып жүр.

 Алмагүл Уәлиева,  Солтүстік Қазақстан  медицина колледжінің  оқытушысы, әдіскер:
– Өте қуаныштымын, әрі қарай да білікті мамандарды даярлауға еңбек етемін.

Сондай-ақ облыс әкімі Серік Біләлов оқу орнының ұжымына автокөліктің кілтін тарту етті.
Жылына медициналық оқу ұясынан 7 бағыт бойынша мамандық меңгерген 300-ге жуық түлек ұшып шығады екен. Олардың  үштен бірі бюджет есебінен  тегін оқытылады. Көрсеткен білімдеріне сай шәкіртақы тағайындалады. Оқу ордасының басшылығы маман тапшылығын тартып жүрген елді мекендердегі жағдайды оңалту үшін “Дипломмен –  ауылға” бағдарламасын талапқа сай жүзеге асыру керек дейді. Өткен жылдың өзінде осы мекемеден   білім алып, қызметтік жолдарын елді мекендерде бастаған 36 жас маманның 20-сы баспанамен қамтылды. Барлығына көтерме ақы төленіпті. Соңғы 4-ші курста оқитын Бахытгүл Мағзұм болашағын ауылмен байланыстырады.

 Бахытгүл Мағзұм, медицина колледжінің студенті:

-Оқуымды аяқтағасын ауыл медицинасын көтеруге атсалысқым келеді. Ол үшін ауылға жұмысқа тұрамын.  

Салтанатты жиынды іліп әкеткен қаламыздың өнер ұжымдары құттықтауларын ән -жырмен жеткізді.

 Жеңіс Ермұқанов