Білім

Елбасы Жолдауы №17 ұлттық өркендеу мектебінде талқыланды

 

 

 

 

Елбасы биылғы “Болашақтың іргесін бірге қалайық” атты жолдауында еңсесі биік, босағасы берік елдің ең басты қазынасы – береке-бірлігіміз деп атап өтті. Ал бүгінде № 17 ұлттық өркендеу мектебі еліміздегі халықтар достығының айнасы іспеттес алтын шаңыраққа айналған. Білім ордасының іргесі 1991 жылы қаланып, тәуелсіздікпен қатар дамып келеді. Қазір мұнда 18 ұлт өкілдерінің оқушылары  білім алып жүр. Ұлттық дәстүрді жандандыруға бағытталған оқу кешені «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»  деген нақылды берік ұстанады. Әзірбайжан қызы Айнұр Худеева барлық түрік халықтарының тілдерінде еркін сөйлейді. Қазақшасы судай 11 сынып оқушысы еуропа тілдерін де жетік меңгеріп алыпты.

  Айнұр Худеева,  №17 ұлттық өркендеу мектебінің оқушысы:
 – Меніңше көп тіл білу ол артық емес.
Себебі көп тіл білу бізге керек. Мен Қазақстанда тұрғасын қазақ тілін білемін. Өз ана тілімді, орыс және ағылшын тілдерін білемін. Мен тағы да қырғыз, өзбек, тәжік, түрік және иран тілдерін де үйреніп жүрмін.  

Ұлт көшбасшысының да көздегені осы. Ол соңғы жолдауында үш тұғырлы тіл саясатына аса мән берді. Елімізді мекен еткен халықтардың туған тілдерін дамытамыз деп атап өтті. 2020 жылға дейін мектеп түлектерінің жүз пайызы мемлекеттік тілді біліп шығады. Жалпы алдағы он жылда қазақстандықтардың 95 пайызының тілін қазақша сындыру керек. Ол уақытта отандастарымыздың 20 пайызы жаһандану тілі – ағылшыншаны еркін меңгерсін деп талап қойылды. Жылдың маңызды әрі басты құжатын талқылауға жиналғандарды негізінен білім саласын жетілдіруге қатысты бағыт-бағдарлар қызықтырды. Ұстаздарды әсіресе 12 жылдық оқыту жүйесіне көшу міндеті қуантып отыр.

  Гүлмира Кәрімова,  №17 ұлттық өркендеу мектебінің директоры:
Ол жүйенің ең негізгі түп қазығы болып отырғаны құзыреттілік оқыту болмақ. Ең алдымен ол бала мектепті бітірген кезде алдында тұрған мәселелерді шеше білу керек. Ол коммуникативті болу керек. Сонымен қатар ол ақпараттық құзыреттілікті жете меңгеруі қажет. Міне осы құзыреттіліктерді меңгерсе өз орнын таба алады деп сенеміз.

Жалпыға бірдей білім беру мекемелері әлемдік озық үлгідегі технологиялар  мен әдістемелік құралдар негізінде жұмыс істеуі керек. Ол үшін қазіргі мектептердің материалдық жабдықталуы жеткілікті. 10 жылдың ішінде білім беру саласының 90 пайызы электрондық оқу жүйесіне көшіріледі. Жоғары оқу ордаларына дарынды балаларды еліміздің әр өңірлерінде ашылып жатқан зияткерлік мектептер даярламақ. Білім беру сапасын арттырумен қатар қолжетімді ету, балабақша жетіспеушілігін азайту – ел болашағы  білімді де жігерлі ұрпақ тәрбиелеудің қамында қолға алынған игі шаруа. Енді бұл тың істерді жүзеге асыруға әрбіріміз өз үлесімізді қосамыз деп тарасты дөңгелек үстел аясына жиналғандар.

Жеңіс Ермұқанов