ТКШ

Таза ауыз су – денсаулық кепілі

 

 

 

 

 

Алдағы он жылда ауыл тұрғындарының 80 пайызына тіршілік көзін қолжетімді ету керек. Ал 2020 жылға дейін қалалықтарды 100 пайыз таза ауыз сумен қамту көзделіп отыр. Жолдаудан соң  Қызылжар ауданы бірден іске кірісіп, алдағы қомақты жоспарларын дайындауда.

Мәңкей Әділхан, ҰОС ардагері:
– Суды бұрын мына құдықтан алып тұрдық. 9 жыл іштік. 10-шы жылда су тартып берді. Енді таза су ішіп отырамыз.

Ұлы Отан соғысының ардагері Мәңкей Әділханның әулеті судың да сұрауы бар екендігін жақсы түсінеді. Мұнда таза ауыз суының келгеніне біраз болып қалды. Бірақ олар тіршілік көзін ысырап қылмай, қажеттеріне ұқыптап пайдаланады.

Мәңкей Әділхан,  ҰОС ардагері:
– Мынаны да тастағанымыз жоқ. Оның суын моншаға, кір жууға әлі де пайдаланамыз. Үнемдеу керек. Дүниені мол деп төге беру керек емес. Дүние көпке тоқталмай, епке тоқталады. Екеуінің де пайдасын көріп жүрміз.

90-ң ауылына ширақ жеткен қария мен жұбайы Жәмилә әжей санитарлық талаптарға сай асқа жарамды суға қол жеткізгендеріне дән риза.

 Мәңкей Әділхан,  ҰОС ардагері:
– Құдықтың суынан гөрі үкімет су тартып жатыр ғой. Айтып ек, әкеліп кіргізіп берді. Қазір енді құдайға тәубә, таза су ішіп қуанып отырмыз. Бұл үкіметтің, Елбасының бізге жасаған
қамқорлығы деп білемін.

Бүгінде Бескөл селосының әр үйіне су желісі тартылыпты. Жалпы тіршілік көзі тарайтын заманауи құбыр желісінің ұзындығы 59 шақырымнан асып жығылады. Бұл игі шаруаға 760 млн теңге жұмсалыпты. Әр баспанаға суды үйлестіру үшін ортақ редукциялық желі салынды. Су таратқыш жаңа нысан 2009  жылы қолданысқа берілген.  Қуаттылығы Бескөл селосын толығымен қамтуға жеткілікті көрінеді.

  Қайырбек Мақатов, редукциялық су таратқыш желінің операторы:
-Жаңа салынған обектінің көмегі өте зор.
Халық суды уақытында, кедергісіз алып тұрады. Ешқандай кедергі жоқ. Мұнараның жұмыс істеуі жақсы.

Жалпы Қызылжар ауданында ауыз су мәселесі шешіліп жатыр. Долматово, Кустовое, Красноярка және Виноградовка ауылдарында су тазартатын құрылғы орнатылған желілік локалды  пункттер құрылған. Десе де аудандағы 20 селолық округке қарасты 72 елді мекеннің әзірге тек 34-і ғана таза ауыз судың қызығын көруде.

  Қуандық Шақұбаев, Қызылжар аудандық тұрғын  үй- коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы:
-2011 жылы 58 селоға су өткізу бойынша сметалық жоба құрылады. Бұл ауылдар Соколов және Булаев желілеріне қосылады. Соңғысы кезінде ұзындығы бойынша Гиннес рекордтар кітабына енген. Жарты  ғасырдан астам уақыт жасалған бұл желілердің қолданыс уақыты өткелі қашан. Көп бөлігі әбден тозып істен шықты. Қиындығы осында. Толықтай жаңасына алмастыру керек.  

Бұл жұмыстарды Астананың үш бірдей жөндеу бригадасы жасайтын болады. Тапсырылған жоспар бойынша мердігерлер үстіміздегі жылы жаңа құбырлар төсемек. Елбасы соңғы жолдауында алдағы он жылдың ішінде ауылдық жерлердің 80 пайызы   таза ауыз суымен қамтылуы керек деп баса айтқан болатын. Қызылжар ауданы ұлт  көшбасшысының бұл тапсырмасын жүзеге асыруын жалғастырып қомақты жұмыс жоспарын құрып отыр.

Жеңіс Ермұқанов