Әр түрлі

Сталинград шайқасына арналған көрме

 

Тура 200 тәулік бойы кескілескен ұрыстарда жауға берілмеген Сталинград қаласын қорғауға 70 мыңнан артық қазақстандық жауынгер қатысыпты. Стратегиялық маңызды қаланың түбіндегі қанды шайқас ҰОС жылдарындағы ең ірі ұрыс ретінде тарихта қалды. Қала, аудан көшелеріне солтүстікқазақстандық батыр майдангерлердің есімі берілді.

  Вера Андреева,  СҚО тарихиөлкетану мұражайының қызметкері:
Олардың ішінде Кеңес Одағының батырлары Тимофей Позолотин  мен Вениамин Кошуков болды. Соңғысы ұшқыш-авиатор. Кошуков әуеге 120 рет самғап, жау ұшақтарын істен шығарды. Осындай шайқастардың бірінде өзі де қайтыс болды.   

Генерал-фельдмаршал Паулюс бастаған фашистік дивизияға Сталинграттың күлін көкке ұшырып, қаланы жермен жексен ету бұйрығы берілген болатын.   Бірақ кеңес әскерінің бжанқиярлық ерлігі арқасында қала жаудан тазарды. Қаланы фашистерден азат етушілердің арасында біздің  жерлестеріміз де болды.

  Вера Андреева,  СҚО тарихиөлкетану мұражайының қызметкері:
Лидия Абрамова мен Вера Ракитская санитарлық батальонда жаралыларды емдеді. Ал Раушан Абұлхаимова 18 жасында майданға аттанып, Сталинград түбіндегі шайқаста  ИЛ-2 ұшақтарына әуе бомбаларын орналастырып отырды.  

Солтүстікқазақстандық теміржолшылар да осы ұрысқа  үлкен үлес қосты.  Жиналған қаржыға оқ өтпейтін брондалған поезд құрастырылған. «Солтүстікқазақстандық»  деп аталған арнайы теміржол нысаны ауыр халде қалған сталинградтықтарға жақсы қорғанысқа жарай алды. Петропавлдықтар қиын- қыстау кезенде азық- түлік, киім-кешектен бөлек өз қаржыларына қару шығарып майданға жіберіп отырды. Алғашқы төрт айдың ішінде жерлестеріміз отан қорғаушы жауынгерлерді жабдықтауға 1 млн. сомнан артық қаржы жөнелтіпті. Бұл соғыс кезіндегі мөлшермен салыстыра алғанда 10 бірдей әскери ұшақтың құнына тең.

Жеңіс Ермұқанов