Елімізде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы «Жол картасының» аясында 2009 жылдан жүзеге асып келеді. Өткен 3 жылдың ішінде оның жемісін жұмыс берушілер де, жастар да көрді. Қолында дипломы бар жас мамандар кәсіпорын, мекемелер үшін қажетті жұмыс күші. Шарттар екі жаққа да қолайлы.
Мереке Мұхамедьяров, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының міндетін атқарушы:
– Петропавл қаласында жастар практикасы 2011 жылдың маусымында басталады. Бағдарламаға қатысушының еңбекақысы барлық аударымдарды қосқанда 26 000 теңгені құрайтын болады.
Өткен жылдары аталмыш шараға мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар атсалысқан болса, үстіміздегі жылдың маусымынан оған шағын және орта кәсіпкерлік нысандары да қосылмақ. Жалпы 3 жылдың ішінде 600-ге жуық петропавлдық жас өз мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасыпты. Мамандардың айтуынша, тәжірибеден өтуге барғандардың кемінде 50 пайызы сол мекеменің қызметкерлеріне айналады.
Мереке Мұхамедьяров, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының міндетін атқарушы:
– 6 айдан кейін өздері қарайды, жұмысқа ниеттерін. Сосын алып қалады. Былтыр 228 кісі жіберсек, оның 50 пайызы сол мекемелерде қалды. Барлығының 80 пайызы жұмыс орындарын таба алды.
Жоғары білімі, оған қоса енді тиісті тәжірибесі бар жас мамандарды жұмысқа тартқысы келетін кәсіпорын, мекемелер маусымға дейін өтініш тапсыра алады.
Кәусар Аяпбергенқызы